Семейде санитариялық талаптардың сақталмауына байланысты 41 өтініш түсті
Тағамнан улану – микробты немесе микробсыз табиғаттағы, ауру тудыратын микроорганизмдермен не олардың токсиндерімен ластанған тағамдарды тұтыну нәтижесінде туындайтын жедел инфекциялық ауру. Ең қауіпті түрлеріне тағамдық токсикоинфекциялар мен микробтық интоксикациялар жатады. Мұндай жағдайлар жыл мезгіліне қарамастан тіркелуі мүмкін. Бұл туралы Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қалдыбатыр мәлімдеді.
Уланудың негізгі себептері – азық-түлік өнімдерін сақтау, тасымалдау және дайындау кезінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы, жарамдылық мерзімінің сақталмауы, сондай-ақ жеке гигиена ережелерін сақтамау. Әсіресе ет, балық, сүт өнімдері, консервілер және кремі бар кондитерлік өнімдер жоғары қауіп тудырады.
- Тағамнан улану белгілері ластанған тағамды тұтынғаннан кейін бірнеше минуттан немесе 2–4 сағат ішінде, кей жағдайларда 20–26 сағаттан соң да пайда болуы мүмкін. Негізгі симптомдары: жүрек айну, құсу, іштің өтуі, іштің ауыруы, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, қан қысымының төмендеуі және жүрек соғысының жиілеуі,- дейді спикер.
Семей қаласы бойынша 440 тамақтану нысаны жұмыс істейді, оның ішінде 24 қоғамдық тамақтану объектісі және 64 мектеп асханасы бар. 2026 жылдың қаңтар–сәуір айлары аралығында санитариялық талаптардың сақталмауына байланысты жеке тұлғалардан 41 өтініш түскен.
- Сонымен қатыр қазір интернет-ресурстарды тұрақты түрде мониторингтеп, азаматтардың «е-Өтініш» жүйесі арқылы жолданған арыздары бойынша тиісті шаралар қабылдауда. Анықталған бұзушылықтар негізінде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі,- дейді Әділ Қалдыбатыр.
Тағамнан уланудың алдын алу мақсатында жеке гигиена ережелерін сақтау, тағамды дұрыс сақтау және дайындау, сондай-ақ сапалы өнімдерді таңдау қажет. Қоғамдық тамақтану объектілерінде санитариялық талаптарды қатаң сақтау – халық денсаулығын қорғаудың негізгі кепілі.
Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тұрғындарды санитариялық талаптарды қатаң сақтауға шақырады.
#Семей, #санитарно - эпидемиологический