Семейде «Semey Mall» сауда ойын-сауық орталығы салынып жатыр

Семейде «Semey Mall» сауда ойын-сауық орталығы салынып жатыр

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласын аралау барысында «Semey Mall» көпфункционалды сауда-ойын-сауық орталығының құрылыс алаңында болып, жобаның жүзеге асырылуымен танысты. Абай көшесінің бойында, заманауи талаптарға сай бой көтеріп жатқан кешен тұрғындарға сауда, демалыс және ойын-сауық қызметтерін бір жерде ұсынуға мүмкіндік береді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін бір мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға оң әсерін тигізеді. 

Жеке инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан жоба құны – 26 миллиард теңге. Ғимарат аумағы – 40 мың шаршы метр. Жобаға сәйкес кешенде бес кинозалы бар кинотеатр, фудкорт, қоғамдық тамақтану орындары, балаларға арналған үлкен ойын залы, сауда галереялары, ірі сауда орындары, бутиктер қарастырылған. Сондай-ақ, келушілерге арналған 184 орындық жерасты автотұрағы, орталық пен бұрынғы зоовет институт ғимаратының арасында аллея салынады. Орталық 2027 жылдың соңында пайдалануға беріледі. Аймақ басшысы жаңа ғимараттың қала тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Халық бұл орталықтың ашылуын күтіп отыр. Орталық қаланың ортасында, қолайлы жерде орналасқан. Мұндай еңселі, заманауи сауықтыру орны Семейде жоқ. Тұрғындар серуендейтін, уақытын тиімді өткізетін заманауи орталық біздің қалаға өте қажет. Ауқымды жұмыс, үлкен инвестиция. Құрылыс сапасын қадағалап отырамыз. Жергілікті әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілетін болады», – деді Берік Уәли.

2025 жылы облыстың туризм саласында 8,9 млрд. теңгеге 4 жоба іске қосылды. «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы аясында Семей қаласында 6,5 млрд теңгеге «Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақ үй - мейрамхана кешені салынып, былтыр Жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілді. Нәтижесінде 107 жаңа жұмыс орны құрылды. Бесқарағай ауданы Старая Крепость аумағында 1 млрд теңгеге балық шаруашылығымен қатар қызмет көрсететін кешенді демалыс базасы іске қосылды. Жол бойындағы сервисті дамыту мақсатында өткен жылы «Семей-Павлодар» тас жолының бойында «Petro Retail» ЖШС жаңа Keruen Inn қонақ үйін ашты.