Семейде шекарашыларға арналған мерекелік концерт өтті
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Семей қаласындағы Гарнизондық офицерлер үйінде шекарашылар күніне арналған салтанатты мерекелік концерт өтті. Мерекелік шараға департаменттің жеке құрамы, ардагерлер, офицерлер мен әскери қызметшілердің отбасылары қатысты. Кештің басты мақсаты – ел шекарасын күзетіп жүрген сарбаздар мен офицерлердің еңбегін ұлықтау, ардагерлерге құрмет көрсету және жас буынға патриоттық тәрбие беру болды.
Салтанатты жиында ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Ахметов Асхат Болатович сөз сөйлеп, жеке құрамды және ардагерлерді құттықтады. Ол өз сөзінде:
– Бүгінгі мереке – тек әскери қызметшілердің ғана емес, барша қазақстандықтардың ортақ қуанышы. Өйткені мемлекеттік шекараны қорғау – еліміздің тәуелсіздігі мен тыныштығының басты кепілі. Әрқайсыңыздың қызметтегі жауапкершілігіңіз бен ерліктеріңіз – халықтың сенімі мен мемлекет қауіпсіздігінің негізі, – деп атап өтті.
Шара барысында ҚР ҰҚК Төрағасының, Шекара қызметі директорының және департамент бастығының атынан шекарашыларға құрмет грамоталары табыс етілді. Бұл марапаттар қызметін адал атқарып, кәсібилігімен ерекшеленген әскери қызметшілердің еңбегіне берілген лайықты баға болды. Кеш қонақтарының арасында “Застава тарландары” республикалық қоғамдық ардагерлер бірлестігінің Абай облысы бойынша филиалының төрағасы, запастағы подполковник Еркешов Анарбек Еркинович болды. Ол ардагерлердің атынан құттықтау сөзін айтып, қазіргі буынның ерен еңбегіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар басқармасының бастығы подполковник Чуримбаев Айдын Амангельдыевич жеке құрамға жүрекжарды лебізін білдірді. Оның айтуынша, шекарашы мамандығы – тек қызмет емес, үлкен жауапкершілік пен елге адалдықты талап ететін абыройлы міндет.
Кеш соңында Гарнизондық офицерлер үйінің өнерпаздары көпшілікке арнап әсем әндер мен әсерлі билерін ұсынды. Ән мен жырдан шашу шашылған бұл сәт қатысушылардың мерекелік көңіл-күйін көтеріп, шекарашыларға ерекше рух берді.
Бұл шара ел қорғаны – шекарашыларға деген қоғамның құрметін тағы бір мәрте айшықтап, болашақ ұрпаққа өнеге боларлықтай мазмұнды кешке айналды.
#Семей, #Абайская область, #Граница, #КНБ