Семейде жаңа жылу электр орталығы салынады
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли айтты.
Семей қаласының оң жағалауында қазіргі таңда жылу энергиясының тапшылығы – 146,99 Гкал. Бұл мәселе ұзақ жылдар бойы қала тұрғындары үшін өзекті болып келеді. Президенттің Семейде жаңа жылу электр орталығын (ЖЭО) салу туралы тапсырмасы осы проблеманы түбегейлі шешуге бағытталған. Осы мақсатта Абай облысы әкімдігі, «Самұрық-Энерго» АҚ және жобалаушы ұйымдардың қатысуымен жедел жұмыс тобы құрылды. Құрылыс алаңы мен күл үйіндісін жинақтау орны анықталды. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары аяқталу сатысында,-деді облыс әкімі.
Жаңа жылу электр орталығының қуаты – 1000 Гкал, ал электр қуаты – 360 МВт болады. Нысанның бірінші кезеңін пайдалануға беру 2029 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған. Бұл жоба іске асқанда Семейдің оң жағалауындағы жылу тапшылығы жойылып, экологиялық тұрғыдан тиімсіз және қуаттылығы төмен ескі қазандықтар жабылады.
#Семей, #Абайская область, #ТЭЦ