Семейде жылу беру қашан тоқтайды?
Семей қаласында жылыту маусымын аяқтау мәселесі қолданыстағы ережеге сәйкес шешіледі. Ол 2023 жылы бекітіліп, Абай облыстық мәслихатының шешімімен қабылданған. Бұл туралы Абай облысы энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейтқанов айтты, деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.
Қағидаға сәйкес, егер орташа тәуліктік ауа температурасы +10 градустан жоғары деңгейде бірнеше күн бойы тұрақты сақталса, жергілікті атқарушы органдар жылыту маусымын аяқтау туралы шешім қабылдайды. Яғни, нақты мерзім ауа райы жағдайына тікелей байланысты болады.
Сонымен қатар, шешім қабылдау кезінде тек температура көрсеткіштері ғана емес, тұрғындардың тұрмыс жағдайы да ескеріледі. Мәселен, күнгей бетте орналасқан пәтерлер күндіз қатты қызуы мүмкін. Ал бірінші қабатта немесе күн сәулесі түспейтін бетте тұратын тұрғындар үшін керісінше, салқындық сезілуі ықтимал.
Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандардың жай-күйі де назардан тыс қалмайды. Атап айтқанда, ауруханалар мен балабақшалардағы кішкентай балалардың жағдайы ескеріледі. Осы факторлардың барлығы жан-жақты қарастырылып, тиісті шешім қабылданады.
#Абайская область, #ЖКХ, #отопительный сезон