Семейде жылумен қамту жүйесі кезең-кезеңімен жаңғыртылуда
Облыстың басты назарында инфрақұрылымдық сипаттағы өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу міндеті тұр. Соның ішінде халықты сапалы әрі тұрақты жылумен қамтамасыз ету – өңір үшін аса маңызды басымдықтардың бірі. Бұл туралы Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласының тұрғындарымен өткен кездесуде айтты,- деп хабарлайды abaidan.kz/ ақпараттық агенттігі.
Семей қаласын және аудан орталықтарын жылумен қамтамасыз ету мәселесі әрдайым өзектілігін сақтап келеді. Осыған байланысты 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысында жылу инфрақұрылымына кешенді талдау жүргізіліп, облыс аумағындағы жылу желілерінде анықталған ақауларды жою жұмыстары қарқынды атқарылды.
Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында биыл бұл мақсаттарға 11,8 млрд теңге бөлінді. Аталған қаражат есебінен Семей қаласын үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін 12 жылу көзі жаңғыртылып, жалпы ұзындығы 13,6 шақырымды құрайтын жылу желілері ауыстырылды,-деді облыс басшысы.
Сонымен қатар, биылғы жылыту маусымына қажетті көмір қоры толық көлемде қалыптастырылды. Халық пен бюджеттік мекемелердің қажеттілігін қамтамасыз ететін жеткілікті отын қоры дайындалды
Бүгінде Семей қаласының оң жағалау бөлігінде жылу тапшылығының бар екені белгілі. Қазіргі таңда тапшылық көлемі 146,99 Гкал-ды құрайды. Аталған мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында Мемлекет басшысының жаңа жылу электр орталығын салу жөнінде нақты тапсырмасы берілді. Президент 17 желтоқсан күні энергетика саласы қызметкерлерімен өткен кездесуінде Курчатов қаласында жылу электр станциясын, ал Семей қаласында жылу электр орталығын салу қажеттігін атап өтті,-деді аймақ басшысы.
Осы тапсырманы іске асыру үшін әкімдік, «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы және жобалаушы ұйым өкілдерінің қатысуымен жедел жұмыс тобы құрылды. Құрылыс алаңы мен күл үйіндісін орналастыру орны анықталып, сол жағалаудағы Степной кенті аумағы белгіленді. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары аяқталу сатысында. Жаңа жылу электр орталығының жобалық жылу қуаты – 1000 Гкал, ал электр қуаты – 360 МВт болады. Құрылыстың бірінші кезеңін пайдалануға беру 2029 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланып отыр. Жоба аясында экологиялық тұрғыдан тиімсіз және қуаттылығы төмен қазандықтарды кезең-кезеңімен жабу көзделген.
Жалпы алғанда, жүзеге асырылып жатқан шаралар өңірдің жылу инфрақұрылымын жаңғыртуға, Семей қаласы тұрғындарын сапалы әрі тұрақты жылумен қамтамасыз етуге және энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
#Семей, #Абайская область, #отопление