Семейдегі Отбасын қолдау орталығында Ашық есік күні өтті

Семейдегі Отбасын қолдау орталығында Ашық есік күні өтті

Семей қаласында Абай облыстық Отбасын қолдау және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығының Ашық есік күні өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Айгерім Сәрсенбаеваның өңірге жұмыс сапары аясында ұйымдастырылды. Қатысушыларға дағдарыс орталығы мен Отбасын қолдау орталығының жұмысы таныстырылып, қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға көрсетілетін көмек шаралары туралы ақпарат берілді. 

Дағдарыс орталығына барған қонақтарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен олардың балаларына жасалған жағдай көрсетілді. Мекемеде медициналық кабинет, психологиялық көмек көрсету бөлмелері, оқу кабинеттері, жаттығу залы, асхана және тұрғын бөлмелер жұмыс істейді. Мамандар әлеуметтік, психологиялық және консультациялық қолдаудың кешенді түрлерін ұсынады. Одан кейін делегация Семей қаласындағы Отбасын қолдау және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығына барды. Мұнда азаматтарға құжат рәсімдеу, мемлекеттік қызметтер алу, әлеуметтік қолдау, жұмысқа орналасу және өзге де мәселелер бойынша көмек көрсетіледі. Ашық есік күні аясында қонақтар орталықтың жұмысымен танысып, әйелдердің кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталған оқу алаңдары мен іс-шараларға қатысты. Маңызды шаралардың бірі түрлі бағыттар бойынша оқуды сәтті аяқтаған түлектерге сертификаттар табыстау болды.

- Бүгін біз орталықтың жұмысымен және көрсетілетін қызметтердің сапасымен танысу үшін келдік. Мұнда қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтар, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер жүгіне алады. Осындай жағдайлардың алдын алып, бақылауда ұстау – біздің міндеттеріміздің бірі. Сонымен қатар, азаматтарға мұндай орталықтардың бар екенін кеңінен таныстырып, мұнда адамгершілік қолдаумен қатар кәсіби көмек те алуға болатынын жеткізу маңызды, – деді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Айгерім Сәрсенбаева.

Орталық мәліметінше, ашылғаннан бері 625 өтініш түскен. Оның ішінде 421-і азаматтардың жеке өтініштері. Сонымен қатар, мамандар тарапынан 229 рет көшпелі шығу жұмыстары жүргізілген.

- Отбасын қолдау орталығының басты міндеті – әрбір отбасының қолдау мен қамқорлықтан тыс қалмауына жағдай жасау. Отбасы – қоғам тұрақтылығының негізі әрі еліміздің болашағын қалыптастыратын берік іргетас, – деді Отбасын қолдау және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығының басшысы Назым Шақаева.

Орталық жұмысы құқық қорғау органдарымен, денсаулық сақтау ұйымдарымен, пробация қызметімен, білім беру мекемелерімен және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарымен бірлесіп атқарылады. Іс-шара соңында Айгерім Сәрсенбаева азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізді.


#Семей, #бытовое насилие, #День открытых дверей