Семейдегі Ұлттық ұлан жеңімпазын күтіп алды
Астана қаласында дзюдодан өткен Grand Slam турнирінде Қазақстан құрамасы екі алтын медаль жеңіп алды. Соның біріне әлемнің 36 елінен 295 татами шеберлері бақ сынаған байрақты бәсекеде Ұлттық ұлан жауынгері Жалғас Қайролла ие болды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Балуанды Семей халықаралық әуежайынан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5511 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мамандары, спорт сүйер қауым бірге әскери оркестр қарсы алды.

- Әлем елдері білек сыбасқан дүбірлі додада әнұранымызды шырқатып, көк байрағымызды жоғары тұғырдан желбірету мақсатым болды. Сайысқа деген тыңғылықты дайындықтың арқасында қалаған жетістігіме жеттім. Алдағы уақытта да халықаралық жарыстарда ел намысын қорғағым келеді, - дейді қатардағы жауынгер Жалғас Қайролла.
81 келіге дейінгі салмақта қатардағы жауынгер финалға дейін сүрінбей өтіп, шешуші белдесуде молдовалық Петру Пеливанмен күш сынасты. Финал барысында Жалғас Қайролла айқын басымдық танытып, қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан сапына өткен жылдың желтоқсан айында қосылған дзюдо спортынан спорт шебері Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өткеруде. 2003 жылы туған мерзімді әскери қызметші спортта ғана емес, жауынгерлік қызметте де жоғары нәтиже көрсетуде.
#Семей, #Абайская область, #Спорт, #Национальная гвардия, #военнослужащий