Семейдегі жаңа көпір құрылысы биыл аяқталуы тиіс – Берік Уәли

Семейдегі жаңа көпір құрылысы биыл аяқталуы тиіс – Берік Уәли

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарының жай-күйімен танысты. Аймақ басшысы алдымен ескі автогуж көпірінің жанында салынып жатқан жаңа көлік өткелінің құрылысын көрді. 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жобаның құрылысы 2022 жылы басталған. Көпірдің ұзындығы – 810 метр, ені – 23 метр. Нысанның жалпы құны – 47,3 млрд теңге. Қазір құрылыс жұмыстарының 65 пайызы аяқталған. Жоба аясында 9 тірек орнатылады. Оның 8-і тұрғызылған. 9 мың тонна металл конструкцияның 4,3 мың тоннасы монтаждалған. Жоғарғы металл аралық құрылымның 418 метрі орнатылды. 

Нысанда 174 адам еңбек етіп жатыр. Қажетті құрылыс материалдары толық көлемде сатып алынған. Оның ішінде 9 мың тонна металл конструкция жеткізілді. Аталған көпір арқылы көлік қозғалысын іске қосу биылға жоспарланған. Құрылыс барысында осы уақытқа дейін 27 млрд теңге игерілген. Биыл жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді. 

Облыс әкімі құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

«Бұл көпірді былтыр ҚХР гранты есебінен аяқтау жоспарланған болатын. Кейін жобаны қаржыландыру тетіктеріне өзгерістер енгізіліп, қажетті 17,5 млрд теңге Үкіметтен бөлінетін болды. Президенттің тапсырмасымен салынып жатқан әрі оның тікелей бақылауында тұрған бұл көпірді биыл пайдалануға беруіміз қажет. Сондықтан ешқандай сылтау қабылданбайды Жұмыс қарқынын бәсеңдетпеу керек», - деді Берік Уәли.


#Семей, #Абайская область, #строительство