Семейлік  ұландықтар алғаш рет жауынгерлік қызметке кірісті

Семейлік ұландықтар алғаш рет жауынгерлік қызметке кірісті

Ұлттық ұланының 5511  әскери бөлімінде екі жүзден астам  сарбаз алғаш рет жауынгерлік қызметке түсті.  Алдағы уақытта жас сарбаздар Семей қаласындағы қоғамдық тәртіпті қадағалап, қылмыстық атқару жүйелерін   күзету қызметін  атқаратын болады,-деп хабарлайды abaidan.kz «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- Мемлекет тәуелсіздікке қол жеткелі бері қауіпсіздік күштері нығаюда. Елімізде әскери міндетті адал атқаруға барынша жағдай жасалған. Сіздердің алдағы қызметтеріңізге тек табыс тілей отырып, бейбіт аспан астында қызмет етулеріңізге тілектеспін, - дейді полковник Айбек  Исенов.

Командирдің ұранды сөзін бойларына ту еткен сарбаздар өздеріне жүктелген тапсырмаы жоғары деңгейде орындауға әзір.  Бұдан екі апта бұрын әскери ант қабылдап, Отанға адал қызмет етуге серт берген жас жауынгерлер бүгінде жүктелген міндеттерін орындауға толық дайын. Жауынгерлік қызметке кіріспес бұрын сарбаздармен тәрбие жұмысы ұйымдастырылды. 

Арнайы шақырылған Ұлттық ұлан ардагерлері жас жауынгерлермен кездесіп, өздерінің қызметтік тәжірибесімен бөлісті. Олар сарбаздарды жауынгерлік қызметте қырағылық танытуға, әскери міндетті адал атқаруға шақырды. Айта кетейік, Отан алдындағы борышын адал  атқаруға  ант  берген жас сарбаздар Түркістан, Павлодар және  ШҚО облыстарынан және Астана және Алматы қалаларынан әскерге шақыртылған.  


#Семей, #Национальная гвардия, #солдат