Семейліктер Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтті
9 мамыр күні Семейдегі Жеңіс саябағында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, мәңгілік алауға гүл қойылып, сұрапыл соғыста қаза тапқан жауынгерлерге тағзым жасалды.

Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлы арнайы қатысып, жиналған жұртшылықпен бірге соғыс ардагерлеріне және Отан үшін жанын пида еткен батырларға құрмет көрсетті.

«Бұл – халқымыздың қаһармандығы мен бірлігінің символы. Ұлы Отан соғысына қатысқан батырларымыздың есімдері ешқашан ұмытылмайды. Олардың ерлігі – мәңгілік», – деді жиынға қатысушылар.




Гүл қою рәсіміне соғыс және тыл ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері, жастар ұйымдары, Жас Ұлан лицейінің тәрбиеленушілері мен қала тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мерекелік концерт барысында патриоттық әндер шырқалды. Сонымен қатар, жауынгерлік дәстүрге сай далалық асхана ұйымдастырылып, жиналғандарға әскери қарақұмық үлестірілді. Қонақтар сол кезеңнің дәмін татып, соғыс жылдарының рухын сезінді.
Жеңіс саябағындағы мерекелік шара – соғыс ардагерлеріне деген құрмет пен өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі болды.
#Семей, #Абайская область, #Берик Уали, #80 лет Великой Победе