Сенат төрағасы Абай облысында болды
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Абай облысында болды, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сапар барысында ол мәслихат депутаттарымен, жергілікті жұртшылықпен және жастармен кездесіп, халықаралық ғылыми конференцияға қатысты. Кездесулерде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мәселелері, заң шығару қызметіндегі жаңа міндеттер және Сенат пен мәслихаттардың өзара іс-қимылын дамыту жайы талқыланды.
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өз сөзінде облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған Кешенді даму жоспарын жүзеге асыру белсенді түрде жүріп жатқанын атап өтті.
«Президент тапсырмаларын орындап, өмір сапасын жақсарту бағытында, Кешенді даму жоспары іске аса бастады. Ол жерде өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жол құрылысы, әлеуметтік саладағы ірі жобалардың барлығы қамтылған. Әсіресе, Семей үшін өзекті болған Жылу электр орталығын салу, ересектер мен балаларға арналған заманауи аурухана құрылысы, Бас жоспар, инфрақұрылымдық жобалар, көрші мемлекеттермен сауда-саттық қарым-қатынасты нығайту бағытында «Аягөз-Бақты-Тачен» темір жолы, Аягөздегі логистикалық орталық пен «құрғақ порт», жаңа мектептер мен әлеуметтік нысандар», - деді аймақ басшысы. Палата Төрағасы мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен кездесу кезінде Семейдің еліміз үшін тарихи рөлі мен маңызына да тоқталды. Ол облыстың әлеуетін толық ашу үшін бірлесіп әрекет етудің берері мол болатынын айтты.
«Қасиетті Семей – халқымыз үшін қашанда орны бөлек, қастерлі мекен. Бұл шаһарды отандық білім мен ғылымның және өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы деуге толық негіз бар. Осы жерде қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына үлкен үлес қосқан Алаш арыстарының ізі мен мол мұрасы қалды. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Абай облысын құру туралы маңызды шешімі дер кезінде жасалған және өңірдің дамуына тың серпін берген қадам болды. Алдағы уақытта облыс жаңа қарқынмен дамып, көздеген мақсаттарға қол жеткізе береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Спикері облысқа сапары аясында өңірдің белсенді жастарымен, Мүгедектігі бар адамдарға арналған абилитация және оңалту орталығының ұжымымен, сондай-ақ, Шәкәрім атындағы университеи пен Alikhan Bokeihan University-дің оқытушыларымен кездесті. «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнының қызметімен және қала билігінің шаһар орталығын абаттандыру жоспарымен де танысты.