Сержанттар – тәртіп пен кәсібиліктің тірегі

Сержанттар – тәртіп пен кәсібиліктің тірегі

​Абай гарнизонындағы 44293 әскери бөлімінде ҚР ҚК Тыл бастығы басқармасының база сержанттарына арналған командирлік даярлық жиыны өткізілуде,-деп хабарлайды abaidan.kz ақрараттық агенттігі Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жамап. Аталған жиынның басты мақсаты – сержанттардың кәсіби білімін арттыру, басқарушылық қабілетін жетілдіру және заманауи талаптарға сай дайындық деңгейін көтеру.

​Жиын барысында сержанттар өз білімдерін толықтырып қана қоймай, тәжірибелік машықтарын шыңдауда. Бағдарлама аясында өзара тәжірибе алмасу, өзге әскерлердің озық үлгілерін зерделеу, сондай-ақ жаңа әдіс-тәсілдерді тәжірибеге енгізу мәселелері қамтылды. Әсіресе қазіргі заман талабына сай ұрыс жүргізу ерекшеліктеріне ерекше көңіл бөлінуде.

​Соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) зерделеу және олардың ықтимал шабуылынан қорғану тәсілдеріне бағытталған жаттығулар ұйымдастырылды. Сержанттар дрондардың мүмкіндіктерін, оларды қолдану әдістерін және қарсы әрекет ету жолдарын тәжірибе жүзінде пысықтады. Бұл бағыттағы дайындық жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бөлімнің жауынгерлік қабілетін арттыруға негіз болады.

​- Командирлік даярлық жалпы әдістемелік негізде жүргізіліп, оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың тиімді жолдары қарастырылды. Сержанттар бағынышты жеке құрамды оқытып-үйретуге, әскери тәртіпті нығайтуға және жауынгерлік рухты қалыптастыруға бейімді болуы тиіс. Өйткені сержант – бөлім мен жауынгер арасындағы негізгі буын, тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісі, - дейді ҚР Қорғаныс министрлігінің Тыл бастығы Басқармасының сержанты, шебер-сержант Медет Түгелбаев.

​Аталған жиын сержанттардың кәсіби деңгейін көтеріп қана қоймай, олардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға да зор ықпал етуде. Нәтижесінде, әскери бөлімнің жауынгерлік әзірлігі артып, заманауи қауіп-қатерлерге төтеп беруге дайындық нығая түспек.


#Абайская область, #Абайский региональный гарнизон, #солдат