Шәкәрім университетінде жылыту және салқындату зертханасы іске қосылды
Шәкәрім университетінде жылу энергетикасы және техникалық физика саласында жаңа ғылыми бастама – жылыту және салқындату зертханасы пайдалануға берілді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Шәкәрім университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Зертхана заманауи жылу тасымалдағыштарды, соның ішінде наносұйықтықтарды әзірлеу және зерттеу бойынша ғылыми жұмыстар жүргізуге арналған.
Зертхананың басты мақсаты – жылу физикалық қасиеттері жақсартылған жаңа жылу тасымалдағыштарды жасау. Ғалымдар наносұйықтықтардың жылу өткізгіштігін, тұтқырлығын және ұзақ мерзімді тұрақтылығын зерттеп, олардың өндірісте және энергетикалық жүйелерде тиімді қолданылуын қамтамасыз етеді. Бұл жаңашылдықтар энергияны үнемдеуге, жүйелердің тиімділігін арттыруға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Техникалық физика мамандығының докторанты Жандос Акишев жобаның басталуы туралы айтып өтті:
«Бастапқыда 1 миллион теңге көлеміндегі ішкі университеттік грант аясында титан оксиді негізіндегі наносұйықтықтың күн коллекторының тиімділігін дәлелдедік. Кейін 79 миллион теңгелік мемлекеттік грант арқылы жобаны кеңейтіп, күн коллекторларына арналған наносұйықтықты жетілдіруді сәтті аяқтадық».
Техникалық физика және жылу энергетикасы кафедрасының меңгерушісі Ольга Степанова зертхананың зерттеу бағытын түсіндірді:
«Біздің басты мақсатымыз – кескіш станоктар мен өндірістік жабдықтарды тиімді салқындату. Нанобөлшектер қосылған салқындату сұйықтықтары жылу алмасу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Алынған нәтижелер бойынша патенттерге ие болдық және алдағы уақытта оларды өндіріс процесіне енгізуге ниеттіміз».
Шәкәрім университетінің ғалымдары Ұлттық зияткерлік меншік институтынан «Гибридті күн коллекторларының жылуфизикалық зерттеулеріне арналған қондырғы» патентін иеленуі – зерттеулердің нәтижелілігін айқын көрсетеді.
Зертхананың ашылу салтанатына қатысқан Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығының директоры Саят Таңатаров университеттің ғылыми бастамаларын жоғары бағалады:
«Күн панельдерін жазғы аптап ыстықтан қорғауға арналған наносұйықтық әзірлеу – өзекті әрі маңызды жоба. Жастар осындай зерттеулерде жұмыс істей отырып, сапалы білім алып, білікті маман болып қалыптасады. Патенттердің алынуы – еңбектің нақты нәтижесі».
Зертхана 40 миллион теңгеге заманауи жабдықтармен жабдықталған, ал қосымша 25 миллион теңгеге кеңейту жоспарланып отыр. Бұл эксперименттік мүмкіндіктерді арттырып, күрделі ғылыми зерттеулер жүргізуге жол ашады. Алынған нәтижелер өңірдің энергетикалық жүйелерінде практикалық қолдануға енгізілмек, сонымен қатар ғылыми жетістіктердің коммерцияландыру әлеуеті жоғары.
Жылыту және салқындату зертханасының ашылуы – Шәкәрім университетінің ғылыми экожүйесін дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Бұл бастама университеттің қолданбалы және әлеуметтік маңызы бар ғылыми зерттеулерге деген ұмтылысын көрсетеді және өңірдің инновациялық дамуына нақты үлес қосатыны сөзсіз.
#Семей, #Абайская область, #Знание, #Шакарим