Шар қаласында батырлар аллеясы ашылды
Жарма ауданының Шар қаласында батырлар аллеясы ашылды, - деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Шаһардың орталық алаңына Ауған соғысы ардагерлеріне арналған стелла орнатылып, Кеңес одағының батыры Пётр Карелинге кеуде мүсіні қойылды. Аллеядағы ескерткіш тақтада осы өңірден екінші дүние жүзілік және тәжік-ауған соғысына аттанған 2500-ге жуық ардагердің есімі жазылған.
«Орталық алаңда бюсті қойылған Пётр Карелин әйгілі Александр Матросовтың ерлігін жасаған біздің жерлесіміз. Қандай құрметке де лайық. Жалпы, бұрынғы Шар ауданынан, қазіргі Шар қаласынан 150-ден астам адам Ауғанстан жеріне барып, өздерінің әскери интернационалистік борыштарын өтеп келген болатын» дейді Жарма аудандық Тәжік-Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Трайысбаев.
Дәл осындай «Даңқ» аллеясы аудан орталығы – Қалбатау ауылында да ашылды. Ескерткіш тақтаға екінші дүние жүзілік соғыстың жауынгерлерінің, Ауғанстан соғысы ардагерлерінің, Желтоқсан оқиғасына және Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысушылардың есімдері жазылды. Жарма ауданынан шыққан Кеңес Одағының 13 батырына бюст орнатылды.