Шүлбіде «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының облыстық кезеңі өтті
Абай облысының Шүлбі кентінде Халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының облыстық кезеңі ұйымдастырылып, жас сарбаздардың дайындығы мен шеберлігі сынға түсті. Үш күнге созылған ауқымды шараға өңірдің әр аудан-қалаларынан келген 11 команда қатысты,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жарыс барысында қатысушылар бірнеше бағыт бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауы мен «Smart Sarbaz» робототехника сайысында оқушылар өздерінің өнері мен техникалық қабілеттерін көрсетті. Сонымен қатар әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша белтемірге тартылу, арқаға жатып денені көтеру, пневматикалық мылтықтан ату, АК-74 автоматын толық емес бөлшектеу және жинау, әскерилендірілген кросс пен арқан тарту секілді кезеңдерде қатысушылардың күш-жігері мен ептілігі бағаланды.

Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Семей қаласының командасы жеңіп алды. Бірінші орынды Жарма ауданының командасы иеленсе, екінші орын Көкпекті ауданының құрамасына бұйырды. Ал Үржар ауданының командасы үздік үштікті түйіндеді.
Жарыс нәтижесінде жеке және командалық есепте жоғары нәтиже көрсеткен қатысушылар арнайы дипломдармен, ақшалай сертификаттармен, кубоктармен және медальдармен марапатталды.


Аталған іс-шара жасөспірімдердің әскери-патриоттық тәрбиесін нығайтуға, олардың отансүйгіштік рухын қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды алаңға айналды.
#Абайская область, #военный, #Абайский региональный гарнизон