Шығыс Қазақстанда жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр
ШҚО-да алдағы жылыту маусымына өмірлік маңызы бар нысандарды жоспарлы дайындау жұмыстары жалғасуда, деп abaidan.kz ақпараттық агенттігі Altainews.kz сілтеме жасап.

Ағымдағы жөндеу науқаны аясында электр станцияларында 18 қазан агрегаты, 12 турбоагрегат және 33 гидроагрегатты жөндеу жоспарланған. Бүгінде 11 қазан агрегаты, 11 турбоагрегат және 25 гидроагрегатта жұмыстар аяқталған.
Риддер жылу электр орталығындағы жалпы дайындық деңгейі – 93%. №3 (74%) және №6 (70%) қазан агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.
«ОЭСК» АҚ электр желілерінде жөнделгендері: 524,7 шақырым электр тарату желісі (97%); 37 қосалқы станция (94%); 54 трансформаторлық қосалқы станция (98%).

Гидроэлектростанцияларда жұмыстар кестеге сай жүріп жатыр, мәселе туындаған жоқ. Төрт ГЭС-тің жалпы дайындық деңгейі – 78%.
ТҮКШ басқармасының бақылауымен орталықтандырылған жылумен қамтуға арналған қазандықтарда 13 қазан агрегаты жөнделіп жатыр. «Шығыс Жылу» АҚ-ның №2 қазандығындағы жұмыстар толық аяқталған, 100% дайын.
Аудан-қалалар бойынша жағдайға келсек, Алтай қаласындағы қазандықтың дайындық деңгейі 87%, Глубокое кентіндегі «Теплоэнергия» КМК-ның дайындық деңгейі 80%, Жаңа Бұқтырма кентіндегі қазандықтың дайындық деңгейі 70%.
Қашықтан бақылау нәтижесі бойынша анықталған ескертулер «Шығыс Жылу» АҚ-на жолданып, компания оларды 28 қыркүйекке дейін жою жоспарын ұсынды.
Шөп дайындау бойынша айтсақ, 20 қыркүйекке дейін Тарбағатай, Күршім және Марқакөл аудандарының әкімдіктері шөп шабуды аяқтауға тиіс. 1 қарашаға дейін Глубокое, Шемонаиха, Ұлан және Алтай аудандарының әкімдіктері сүрлем, сабан және құнарлы жем дайындауды аяқтауы қажет.
– Жем-шөп базасы мал шаруашылығындағы тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Біздің міндет – шөп, сабан және құнарлы жем дайындауды белгіленген мерзімде толық аяқтау. Бұл – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің әл-ауқаты мен қыстан ойдағыдай шығудың кепілі, – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Аудан, қала әкімдеріне қойылған міндеттер: 20 қыркүйекке дейін жылу көздерінде көмірдің нормативтік қорын қамтамасыз ету, 1 қарашаға дейін дебиторлық және кредиторлық берешектерді жою, көмір жеткізумен айналысатын өңірлік операторлардың жұмысын бақылауға алу, 15 қыркүйекке дейін көпқабатты тұрғын үйлердің дайындық актілерін тапсыру, 20 қыркүйекке дейін Катонқарағай ауданындағы қазандықтарды «Шығыс Жылу» АҚ балансына беру.

Әкім өңір тұрғындарының жайлы өмір сүруі мен сапалы жылумен қамтылуы басты назарда екенін атап өтті.
– Халық қолайлы өмір сүру жағдайын және сапалы жылумен қамтуды күтеді. Барлық жұмыстар уақытында аяқталуға тиіс, – деді Нұрымбет Сақтағанов.