Талап пен тәртіп тоғысқан тұлға

Талап пен тәртіп тоғысқан тұлға

«Елге қызмет ету – ең алдымен өз ісіңе адал болудан басталады.»

Жақында «Аманат» партиясы Саяси бюросының отырысын көріп отырып, көптен бері көңіл түкпірінде жүрген бір ой қайта оралды. Қолыма қалам алдырған да сол болды. Қазіргі Қазақстан үшін ең өзекті мәселелердің бірі – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту. Президент бастамасымен қолға алынған реформалардың түпкі мақсаты да осы: халыққа адал қызмет ететін, жауапкершілікті терең сезінетін, кәсіби әрі мемлекетшіл кадрлар шоғырын қалыптастыру. Бұл жолда жаңа буын басшыларының рөлі ерекше. Кейде адамның болмысын онымен ұзақ жылдар бірге қызмет етпей-ақ, тіпті жеке танымай-ақ аңғаруға болады. Оның жұмысқа деген көзқарасы, мәселені қарауы, талапшылдығы мен тәртібі көп нәрседен хабар береді. Сондай азаматтардың бірі – Ержан Жұматұлы Жылқыбаев дер едім. (Тіпті, таныс емеспіз)  Оның өзіндік себебі де бар. Осыдан бірер жыл бұрын «Аманат» партиясының облыстық филиалында баспасөз қызметінің меңгерушісі болып жұмыс істедім. Сол кезде орталық аппарат ұйымдастырған онлайн жиындарға тұрақты қатысып, Ержан Жұматұлының жұмыс стилін сырттай бақылауға мүмкіндік болды. Көп жағдайда жиналыстардың формалды сипат алып кететіні жасырын емес. Баяндама жасалып, тапсырма беріледі, алайда оның орындалу нәтижесі әрдайым сұрала бермейді. Ал Ержан Жұматұлы жүргізген жиындарда мүлде басқа ахуал қалыптасатын. Әр мәселе нақты деректер негізінде талқыланып, әр тапсырманың орындалуы жіті бақылауда болатын. Ең бастысы – берілген тапсырма ұмыт қалмайтын. Белгіленген мерзім келгенде оның орындалу нәтижесі міндетті түрде сұралатын.Бұл – жауапкершілік мәдениетінің нақты көрінісі. Басқарудағы тиімділік те дәл осындай талаптан басталады. Оның әр сөзінен мемлекеттік іске деген шынайы жанашырлығы ерекше білінетін. Әрбір тапсырмасынан, әрбір қойған сауалынан ел мүддесіне деген алаңдаушылық пен жауапкершілік сезіліп тұратын. Мемлекеттің әр тетігі дұрыс жұмыс істеп, әр бастамасы нақты нәтиже беруі тиіс деген ұстанымы анық байқалатын.

Қазақта «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл бар. Мемлекеттің дамуы да күнделікті атқарылатын нақты жұмыстардан құралады. Бір қарағанда ұсақ көрінетін міндеттердің уақытылы орындалуы үлкен жетістіктерге бастайды. Ержан Жұматұлының жұмыс стилінен мен дәл осы қағидатты көрдім. Жас болғанымен, іскерлігі мен біліктілігі, ұйымдастырушылық қабілеті көптеген әріптестеріне үлгі боларлық деңгейде екені байқалады. Басшының беделі лауазымымен емес, ісімен өлшенеді. Ал іске мұқият қарап, нақты нәтиже талап ете білу – нағыз көшбасшыға тән қасиет. Бүгінде қоғам жаңа басқару мәдениетін қажет етеді. Халық та бос уәдеден гөрі нақты нәтижені күтеді. Сондықтан заң мен тәртіпті басты қағида етіп ұстанатын, мемлекет мүддесін жеке бастың мүддесінен жоғары қоятын азаматтардың көбейгені маңызды.

Президент жариялаған Әділетті Қазақстан идеясының табысты жүзеге асуы да осындай кадрларға байланысты. Өйткені әділетті қоғамды әділ де жауапты адамдар қалыптастырады. Сырттай бақылаудан түйген ойым – Ержан Жұматұлы Жылқыбаев қазіргі мемлекеттік басқару жүйесіндегі талапшылдықтың, жауапкершіліктің және кәсібиліктің үлгісін көрсетіп жүрген басшылардың бірі. Елімізде осындай мемлекетшіл, адал әрі іскер азаматтардың қатары көбейсе, Қазақстанның болашағы бұдан да жарқын болары сөзсіз.


#общество, #партия АМАНАТ, #реформа