Талица ауылына таза ауыз су жетті

Талица ауылына таза ауыз су жетті

Берік Уәли жұмыс сапарымен Жаңасемей ауданы барып, Талица ауылы тұрғындары үшін маңызды жоба – ауыз су құбырының іске қосылу рәсіміне қатысты,- деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. Ел игілігіне берілген бұл жоба ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Жобаны жүзеге асыру барысында ауыл аумағында 9,5 шақырым су құбыры тартылып, 104 су құдығы мен 23 өрт гидранты орнатылды. Сонымен қатар Талица орта мектебінің аумағына өртке қарсы резервуар қойылып, көлемі 60 текше метр болатын екі су қоймасы салынды. Инфрақұрылым аясында электр желілері жүргізіліп, трансформатор мен дизельдік генератор орнатылған. Насостық станция іске қосылып, нәтижесінде 98 тұрғын үй мен Талица орта мектебі орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды.

Салтанатты шара барысында облыс әкімі жауапты мекемелер мен мердігер ұйымдарға атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Берік Уәли өз сөзінде өткен жылы Талица ауылына жасаған сапары кезінде тұрғындар көтерген басты мәселелердің бірі – таза ауыз су болғанын атап өтті.

– Былтыр Жаңасемей ауданының Талица ауылына келген кезде тұрғындар ауыз су мәселесін көтерген еді. Бүгін сол уәде орындалып, ауыл халқы сапалы ауыз суға қол жеткізіп отыр. Бұл – халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстардың нәтижесі. Сонымен қатар ауыл тұрғындары көтерген тағы бір маңызды мәселе – интернет желісі. Қазіргі таңда қажетті қаражат бөлініп, екі ауылды интернетпен қамту бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Жоспар бойынша қыркүйек айында ауылдар толықтай интернетке қосылады, – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, Жаңасемей ауданында ауыз суға қолжетімділікті арттыру мақсатында бірқатар елді мекендерде блок-модульдік станциялар орнатылған. Атап айтқанда, Шоптығақ ауылы, Қыземшек ауылы, Жазық ауылы, Баженово ауылы, Климентьевка ауылы, Қаракөл ауылы және Самай ауылы таза ауыз су жүйесімен қамтылды. Бұл жұмыстар өңірдегі ауылдық инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.


#Абайская область, #питьевая вода, #Жанасемей