Терезе ашуға мүмкіндік туды: Семейдегі тұрғындар мәселесі шешімін тапты
Абай облысы Семей қаласындағы Ломоносов көшесі, 24-үй тұрғындары бірнеше жылдан бері жаз мезгілінде тұрмыстық қолайсыздыққа тап болып келген. Тұрғындардың айтуынша, үйге іргелес орналасқан «BigBen» кафесінің мангал аймағынан шығатын түтін мен жағымсыз иіс кешкі уақытта терезе ашуға мүмкіндік бермей, тіпті тұрғын үйлердің ішіне дейін тараған. Бұл жағдай әсіресе балалар мен қарттардың денсаулығына алаңдаушылық туғызған.

Аталған мәселе бойынша тұрғындар «Тұрғындар аманаты» жобасы аясында «AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгінген. Көп жылдан бері шешімін таппай келген түйткіл партия тарапынан назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Мәселені жан-жақты зерделеу мақсатында партия өкілдері мемлекеттік органдарға ресми хаттар жолдап, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы, мангал аймағының заңдылығы және түтін шығару жүйесінің тиімділігі бойынша тексеріс жүргізу қажеттігін көтерді. Сонымен қатар тұрғындармен арнайы кездесу ұйымдастырылып, жағдай жергілікті жерде қаралды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінде түтін мен жағымсыз иіс тудыратын жағдайлар ретке келтіріліп, тұрғындардың қалыпты өмір сүруіне кедергі болған факторлар жойылды. Нәтижесінде бұрынғыдай қолайсыздық тудырған кешкі уақытта терезе ашу тұрғындар үшін қайтадан қалыпты жағдайға айналды.

Қала тұрғыны Мұрат Түсіпов мәселенің оң шешімін тапқанына ризашылығын білдірді.
«Бұл мәселе көп жылдан бері тұрғындарды алаңдатып келген еді. Шынымды айтсам, оның шешілетініне сенім аз болды. Алайда “AMANAT” партиясының жедел араласуының арқасында мәселе оң шешімін тапты. Бүгінде түтін мен жағымсыз иіс жойылып, тұрғындар қайтадан терезелерін ашып отыр. Осы нәтижеге қол жеткізгенімізге қуаныштымыз, алғысымызды білдіреміз», – деді ол.
Тұрғындар партияның уақтылы араласқаны үшін алғыстарын білдіріп қана қоймай, өзге де өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, көпқабатты үйлерде мүлік иелері бірлестігі (МИБ) мен пәтер иелері кооперативі (ПИК) жүйелерінің құрылмауы салдарынан тұрғын үйді басқару және коммуналдық мәселелерді шешу күрделеніп отырғанын жеткізді. Бұл өтініштер де назарға алынып, алдағы уақытта «Тұрғындар аманаты» жобасы аясында және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірлесіп құқықтық әрі ұйымдастырушылық қолдау көрсету, МИБ/ПИК мәселесін реттеу бағытындағы жұмыстар жалғасатыны айтылды.
«Басты мақсат – бір ғана мәселені шешу емес, тұрғындардың өмір сапасына әсер ететін барлық жүйелі түйткілдерді кезең-кезеңімен реттеу. Тұрғындардың әрбір өтініші біз үшін нақты әрекетке негіз болады», – деп атап өтті партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Әлинұр Бекенов.
Бұл оқиға тұрғындардың өтініштеріне дер кезінде назар аударып, нақты нәтижеге қол жеткізудің маңызды екенін көрсетті. Алдағы уақытта да тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасын таппақ.
#Семей, #жилье, #партия АМАНАТ