To sustain the brand: брендті сақтаудың негізгі талаптары

To sustain the brand: брендті сақтаудың негізгі талаптары

«Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбында өткен семинар-тренингте Германиядан келген TUSDER (Тұрақты туризм ассоциациясы) басқарма мүшесі, "Ba Projectz" құрылтайшысы Бихтер Айылдыз семинарға қатысушы журналистерге шеберлік сағатын өткізді.

Бренд – бұл тек өнімнің немесе қызметтің атауы емес, тұтынушы санасында қалыптасатын тұтас бейне. Қазіргі нарықта бәсекелестік артқан сайын брендті сақтау ерекше маңызды міндетке айналып отыр.

“Ол үшін ең алдымен брендтің мәнін, философиясын, миссиясы мен құндылықтарын айқындап, оны тұрақты түрде сақтап отыру қажет. Бұл тұтынушыға брендтің неліктен маңызды екенін, қандай идеяны ұстанатынын түсіндіреді. Брендтің құндылығы тек өніммен өлшенбейді, ол оның артындағы идея арқылы танылады ,”- дейді Бихтер Айылдыз.

Сондай-ақ storytelling – брендті сақтаудың маңызды құралы. Хикая арқылы жеткізу тұтынушымен эмоциялық байланыс орнатып, сенім қалыптастырады және брендтің есте қалуын қамтамасыз етеді. Instagram-дағы Story бөлімінің өзі қазіргі заманның әр адамды Storyteller ететінін көрсетеді.

"Ba Projectz" құрылтайшысы Бихтер Айылдыз: “Тұтынушымен сенімді қатынас құру да брендтің тұрақтылығы үшін аса маңызды. Қазіргі таңда адамдар мемлекеттен гөрі компанияларға көбірек сенім артады. Сондықтан бренд ашық, адал болуы керек. Өнімнің қалай жасалатынын көрсету, өндіріс процесін жариялау – сенім қалыптастырудың тиімді жолы. Әлеуметтік жауапкершілік те брендті сақтайтын негізгі факторлардың бірі. Мысалы, Anadolu Efes-тің Мармара мен Жерорта теңізіндегі маржан рифтерін қалпына келтіру жобасын қолдауы компанияның тек өнім емес, идея ұсынатынын дәлелдейді.”

Бұдан бөлек, инновацияға бейім болу, өзгерістерге уақытылы жауап беру – брендтің өміршеңдігін қамтамасыз етеді. Тұтынушылардың талғамы да, технология да, трендтер де өзгеріп отырады, сондықтан бренд өз құндылықтарын сақтай отырып, стратегиясын жаңартып, заман ағымына икемделуі қажет.

Демек, брендті сақтау – логотип немесе жарнама ғана емес, терең мән, сенім, хикая, әлеуметтік жауапкершілік және өзгеріске бейім тұрақтылықтың үйлесімі. Бренд өзінің ДНҚ-сын жоғалтпай, тарихын жеткізіп, қоғамға пайда әкелгенде ғана ұзақ өмір сүре алады. Тұтынушылар өнімге емес, оны тудырған философия мен құндылықтарға сенеді.


#Фонд тюркоязычных журналистов, #фондтюркоязычныхжурналистов