Тұтынушыға 5 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды
Абай облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне Алматы қаласының тұрғыны Ж.-дан автосалонның комиссия шарты бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындамауына қатысты өтініш келіп түсті.
Азамат Ж.-ның талап етуінше, шартта белгіленген мерзім өтіп кеткеніне қарамастан, автосалон өз міндеттемелерін орындамаған және 5 миллион теңгеден астам ақшалай қаражатты уақытылы аудармаған. Бұл тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкелген.
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 13-бабы 3-тармағына сәйкес, егер шарт жасасу кезінде тұтынушы сатушыға (орындаушыға) тауарды сатып алудың нақты мақсаттарын хабарлаған болса, жұмыс орындау немесе қызмет көрсету сол мақсаттарға сәйкес келуге, белгіленген сапа талаптарына сай болуға және пайдалануға жарамды болуы тиіс.
Сонымен қатар, департамент «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 34-бабына сәйкес, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, орындаушы жұмысты орындауға немесе қызметті шартта белгіленген мерзімде көрсетуге міндетті екенін түсіндіреді.
Өтінішті қарау барысында орындаушыға тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама талаптары түсіндірілді. Соның нәтижесінде тұтынушыға 5 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Нәтижесінде тұтынушының құқықтары қалпына келтірілді.