Уақыт белдеуінің өзгеруі адам ағзасына қаншалықты әсер етеді?
Бір белдеу, бір сағат. 2023 жылдың қараша айында елімізді біртұтас уақыт белдеуіне көшіру шешімі қабылданды. Осыған орай «уақыт белдеуінің өзгеріске ұшырауы адам ағзасына әсер ете ме?!» деген сұрақ туындайды. Мәселенің анық-қанығына жету үшін El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі білікті мамандармен тілдесіп қайтты,-деп хабарлайды агенттікке сілтеме жасап, abaidan.kz тілшісі.
Қазақстан халқы бүгінде UTC+5 және UTC+6 екі уақыт белдеуінде өмір сүруде. Еліміздің көп бөлігі, батыс аймақтарын қоспағанда, UTC+6 аумағында орналасқан. Яғни, бүгінде Астана, Алматы, Шымкент және еліміздің бірқатар аймағының уақыты табиғи уақыттан 1 сағат алда келеді.
Қазақстанды бір уақыт белдеуіне ауыстыру мәселесі ең алғаш 2020 жылы ұсынылды. Әрі қарай пандемия басталып, 2023 жылы ғана бұл мәселе қайта күн тәртібіне қойылды. Нәтижесінде 2024 жылдың 29 ақпанынан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де бірқатар өңірде жергілікті уақыт 1 сағат артқа жылжитын болды.
Бұл шешімді естіген бұқара халық болашаққа алаңдаушылық білдіріп, өзгерістердің денсаулыққа пайдасы мен зиянын зерттей бастады.
Бүгінде ғалымдар уақыт өзгерісінің адам ағзасына әсерін алға тартып, салдарынан түрлі ауру-сырқаулар пайда болатынын жарыса айтуда. Диабет, артық салмақ, қатерлі ісік және өзге де ем-домды талап ететін сырқаттар – соның бір дәлелі. Бұл синдром көпшілікке десинхрония немесе десинхроноз деген атауларымен таныс. Десинхроноз белгілеріне шаршау, көңіл күйдің бұзылуы, физикалық жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі, ұйқысыздық сияқты симптомдарды жатқызуға болады. Созылмалы десинхроноз кезінде невроз секілді аурулар да асқынуы ықтимал. Шетелде бұл синдром jet lag деген атаумен таралып кеткен. Джетлаг уақыт белдеуінің ауысуына байланысты күндізгі ритм мен адам ритмінің сәйкес келмеуін білдіреді.
Әлем сомнологтарының айтуынша, уақыт тілін алға жылжыту адамның көңіл күйіне ғана емес, ұйқы сапасына да әсер етеді. Яғни адамның ұйқысы нашарлап, оның арты ұйқысыздыққа әкеледі. Ал ұйқысы тыныш болмаған адамда күндізгі уақытта әлсіздік байқалып, көптеген жүйке және ағзаның нейроэндокринді қызметі нашарлайды. Күйзеліс гормоны деңгейінің өсуі, зат алмасу процесінің баяулауы, иммунитеттің төмендеп кетуі, обыр мен жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болуына алып келеді.
Сол себепті таңертең қосалқы көмексіз оянып, күн батқан соң уақыт ұзартпай ұйқыға кеткен дұрыс. Бірақ бүгінде күн тәртібі мен өмір сүру салтымыз біршама өзгеріске ұшырады. Сондай-ақ өмір сүру қарқыны артып, көп адам тәуілігіне бір мезгіл ұйықтауды әдетке айналдырды. ЮНЕСКО сарапшыларының айтуынша, Эдисон тарапынан жасанды жарық көздері ойлап табылған соң, адамзаттың ұйқысы шамамен бір сағатқа шегерілген. Біз көп жағдайда аз ұйқының адам ағзасына қаншалықты зиянды екеніне мән бере бермейміз. Кейде тіпті таң атқанша кірпік қақпай шығатын кездеріміз болады. Алайда нақты осындай іс-әрекет біздің денсаулығымызға кері әсер ететіні сөзсіз. Дегенмен сомнологтар мұндай жорамал 1 емес 2, 3 сағаттық өзгеріс кезінде өзекті болатынын айтып отыр.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Инфекциялық емес аурулардың алдын алу департаментінің директоры Ермек Тоқбергенов осы тақырып аясында пікір білдірді. Оның айтуынша, уақыт белдеуінің өзгерісі айтарлықтай денсаулықта кінарат тудырмайды.
Уақыт небәрі 1 сағатқа шегеріледі. Бұл көп емес. Дені сау адамдар мұндай өзгерісті мүлдем сезбей қалуы мүмкін. Екі, әрі кетсе үш күнге ғана созылған бейімделу мерзімі болады. Бұған дейін батыс өңірлерге барып, сағат тілін артқа шегергенде ыңғайсыздық сезінбеген боларсыздар. Сол тәрізді бұл жолы да ауыз толтырып айтарлық қиындықтар туады деп ойламаймын, - деді департамент директоры.
Уақыттың өзгеруі бүлдіршіндерге, мектеп жасындағы балаларға, психикалық ауытқулары бар науқастарға, қарт кісілерге ғана әсер ету ықтималдығы жоғары.
Осы сәтте барлық мектепке дейінгі білім беру орталықтарындағы, мектептегі тәрбиешілер мен мұғалімдерден балалардың іс-әрекетіне, көңіл күйіне түсіністікпен қарауды сұраймын, - деп қорытты Ермек Тоқбергенов.
Бүгінгі таңда Алматы қаласының оқушылары сағат 8:00-де басталатын сабаққа таңғы 7:00-де тұрады. Табиғи уақытпен санайтын болсақ, алматылық оқушылар 6:00-де оянады. Ал Астана, ШҚО, Қостанай қаласының мектеп жасындағы балалары күн уақытымен санағанда түнгі 5:00-де төсектен тұрады. Ұйқының барлығы бес фазасы бар. Бірінші, екінші, үшінші және төртінші фазалар – баяу ұйқы фазалары. Содан кейін жылдам ұйқы фазасы бар. Бұл фазада есте сақтау жүйесі қалпына келтіріліп, мидағы ақпараттар қайта өңделеді. Яғни ойлау қабілеті, интеллект, есте сақтау сияқты адам ағзасындағы маңызды функциялар жылдам ұйқы фазасында өңделеді. Балаларды таң атпастан бұрын оятатын болсақ, біз оларды осы ұйқы фазасынан суырып аламыз. Осыған байланысты баланың ақыл-ой ұшқырлығы, білімге деген құштарлығы азаюы мүмкін. Бұл - ғылыммен негізделіп, дәлелденген факт. Сол себепті де мектеп қабырғасындағы бірінші және екінші сабақтар мүлдем пайдасыз өтеді деуге негіз бар.
Сонымен қатар таңертең балада күннің алғашқы шапағатымен грелин гормоны бөлінеді. Бұл – тәбет гормоны. Ал кешке оның ағзасында лептин гормоны бөлінуі керек. Лептин инсулин резистенттікке әсер етеді. Түн жарымда оянған балада грелин гормоны бөлінбейді. Сол себепті де бала астан бас тартып, тәбетінің нашарлауын байқауға болады.
Батыс Қазақстан Медицина университетінің психиатрия және наркология курсы мен неврология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Ақжүніс Маннапова уақыт белдеуінің өзгеруін адам ағзасындағы биологиялық сағатпен тікелей байланыстырады.
Адам миындағы эпифиз жарыққа өте сезімтал болып келеді. Осыған байланысты күн мен түннің алмасуына сәйкес, эпифизден бөлінетін мелатонин гормоны арқылы ағзада да күн мен түннің алмасуы жүреді. Қарапайым тілмен айтсақ, эпифиз – ішкі биологиялық сағат. Мелатонин синтезі жарықтың әсерінен тежеліп, ағза продуктивті қызметті жүзеге асырады. Ал қараңғылық әсерінен мелатонин бөлінісі күшейіп, ағзаны ұйқыға жатқызып, келесі күнге дайындайды. Салдарынан ағзада жаңару, шлактан тазару, қайта қалпына келу, иммунитеттің нығаюы процестері жүреді. Осы себепті толыққанды 8 сағаттық ұйқыны денсаулықтың кепілі дер едім, - деп тұжырымдады медицина ғылымдарының кандидаты.
Маманның айтуына сенсек, уақыт белдеуінің болар-болмас өзгерісі ағзаға айтарлықтай зиянын тигізбейді. Зияны – үйіңізде орналасқан жарық шамдарының көптігі, үнемі қолымыздан түспейтін смартфондарымыздың жарығы. Бұлар мелатониннің синтезін тежеп, ұйқы сапасын төмендетеді екен.
Сондықтан кеш қарайғанда жарық көздерін мейлінше азайтып, мелатониннің синтезіне кедергі келтірмеген жөн. Ұйқының алғашқы белгілерін сезген бойда, ағзаға демалуға мүмкіндік берген абзал. Уақыт белдеуінің ауысуынан бұрын, әр адам өз ағзасының биологиялық сағатын зерттеп, ішкі сағатпен өмір сүрсе, болашақта созылмалы аурулардың саны азайып, өмір сапасының артатыны сөзсіз, - деп топшылады кафедра доценті.
Біздің ішкі сағаттарымыз физиологиямызды күннің әртүрлі кезеңіне керемет дәлдікпен бейімдеп береді екен. Ішкі сағатымыз гормондар деңгейі, ұйқы, дене температурасы және метаболизм сынды маңызды функцияларды қалпына келтіреді. Және осы биологиялық ритмдер бізді қоршаған орта мен ішкі биологиялық сағаттарымызда сәйкес келмегенде істен шығарылады-мыс.
Авторлық әдіс бойынша жұмыс істейтін дәрігер-сомнолог Әлия Байдәулетова сағат тілінің ауысыуына бір апта қалған кезде ерте жатуға дағдылану, құрамында кофеин бар және алкоголь сусындарынан бас тартуды ұсынды. Дәрігердің айтуынша, осы қағидаларды ұстансақ, жаңа биоритмге үйренісіп кету аса қиындық тудырмайды.
#Казахстан, #Единый часовой пояс