ВИЦЕ-МИНИСТР ОЛЖАС ОРДАБАЕВ АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ВИЦЕ-МИНИСТР ОЛЖАС ОРДАБАЕВ АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Облысқа жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев  облыс тұрғындарымен кездесті.  Басқосуда министрлік өкілі  мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру барысы мен Әлеуметтік кодекс жобасы туралы айтты,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жиынға  Абай облысы әкімінің  аппарат  басшысы Жасұлан Сәрсебаев, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер алқасы, әлеуметтік сала қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, тұрғындар қатысты.

Олжас Ордабаев Әлеуметтік кодекс жобасының негізгі бағыттарын, атаулы әлеуметтік қолдауды дамыту, халықты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударды.- Біз министрліктің жұмыс тобымен Абай облысының тұрғындарымен кездесуге келдік. Ең басты мақсат – халыққа Әлеуметтік кодекс шеңберінде халықты жұмыспен қамту жобаларын түсіндіру. Бірінші кезекте халық жұмыспен қамтылатын болса, күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер шешілетіні мәлім. Мемлекет басшысы осы қыркүйек айындағы Жолдауында еңбек нарығының жобасын қайтадан әзірлеп, бекіту бойынша тапсырма берген болатын. Сол себептен, қазір министрлік қосымша жаңа жоба әзірлеуде. Осы бағдарламаны орындау мақсатында әр өңірдің экономикалық даму мүмкіндігімен танысудамыз. Жаңа жобаны осы жылдың аяғына дейін аяқтап, халыққа ұсынатын боламыз, - деді Олжас Ордабаев.

Баяндамадан кейін вице-министр азаматтардың көкейкесті сұрақтарына жауап берді.

"Ақ ұлпа аналары" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Сүлейменова  облыс бойынша көпбалалы аналардың мемлекет ұсынатын гранттарды алу мәселелері оңалып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, коллекторлар мен жеке сот орындаушыларының қызметін қатаңдатып және тұрғын үй кезегіне тұру барысында мекен-жай тіркелу жұмыстарын қайта қарау  бойынша ұсыныстарымен бөлісті.

Халық тарапынан азаматтарды жұмыспен қамту мәселелерін шешу барысында жаңа өндіріс орындары ашылса деген талап-тілектері де қарастырылатын болады деді вице-министр.

 Кездесу соңында Олжас Ордабаев халықты жеке сұрақтары бойынша қабылдап, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.


#Семей, #Абайская область