Жаңа салық кодексі: Негізгі өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктер

Жаңа салық кодексі: Негізгі өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктер

Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді кешенді жаңғыртуға бағытталған. Құжат кәсіпкерлер мен салық органдары арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетуді, салық жүктемесін оңтайландыруды, есептілікті қысқартуды және бизнесті заңдастыруды көздейді.

Жаңа кодекске сәйкес экономиканың түрлі секторлары үшін сараланған салық мөлшерлемелері енгізіледі. Арнайы салық режимдерінің саны үшке дейін қысқартылып, салық органдарының жұмысы сервистік модельге көшеді. Салықтық бақылау толық цифрландырылып, салық есептілігі нысандары 30%-ға қысқарады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Әсем Тұрлыбекова баяндады.

- Жеке тұлғалар үшін бірқатар маңызды өзгеріс қарастырылған. Мұрагерлік пен елден тыс жерлерге шығу жағдайларын қоспағанда, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады. Жеңіл автомобильдерге салынатын көлік салығы пайдалану мерзіміне қарай 30%-дан 50%-ға дейін төмендетіледі. Сондай-ақ 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстанда өндірілген немесе еліміздің аумағына әкелінген қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын жеңіл автомобильдерге қатысты жекелеген мөлшерлемелер алынып тасталды, - деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар I және II топтағы мүгедектер үшін әлеуметтік салық шегерімі 882-ден 5000 АЕК-ке дейін, ал стандартты салық шегерімі 14-тен 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Аграрлық секторды қолдау аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 3% төмендетілген салық мөлшерлемесі сақталып, ҚҚС-ты есепке алу үлесі 70%-дан 80%-ға дейін артты. Шағын және орта фермерлік шаруашылықтарға арналған арнайы салық режимдері қолданыста қалады.

- Камералдық бақылау ескерту сипатында жүргізіледі. 20 АЕК-ке дейінгі берешек кезінде банк шоттары бұғатталмайды, ал 1500 АЕК-ке дейінгі берешек бойынша кейінге қалдыру үшін кепіл талап етілмейді.

Бұдан бөлек, бірқатар есептілік міндеттемелері жойылды. Жекелеген қызмет түрлеріне арналған лицензияларды пайдаланғаны үшін төлем алынып тасталды. Сондай-ақ заңды тұлғалармен көлік және жер салығы бойынша тоқсан сайынғы ағымдағы төлемдер есептерін ұсыну міндеті жойылды. Мүлік салығы бойынша объектінің құны 300 АЕК-тен аспаған жағдайда, ағымдағы төлемдер есептері табыс етілмейді, - деді Әсем Тұрлыбекова.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруды ынталандыратын нормалар бойынша  салық жеңілдіктерін қолдану шарттары мен тәсілдерін де атап өтті.

2026 жылдан бастап арнайы салық режимдеріне көшу тәртібі өзгертіледі. Белгіленген мерзімде хабарлама ұсынылмаған жағдайда, жекелеген санаттағы салық төлеушілер автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу режиміне ауыстырылады


#общество, #налог