«Жаңару» қозғалысының Абай облыстық филиалында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту мәселелері талқыланды
2026 жылғы 12 мамырда Абай облысында «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай облыстық филиалының кеңейтілген отырысы өтті. Жиынды филиалдың жаңадан тағайындалған директоры Думан Рымғалиұлы Орынбеков ашып, қатысушыларды ұйымның алдағы мақсат-міндеттерімен таныстырды.

Басқосуға мемлекеттік органдардың өкілдері, аудан әкімдері, облыстық және аудандық білім беру ұйымдарының басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ құқық қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласының мамандары қатысты. Кеңейтілген отырыс барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жастар арасында адалдық қағидаттарын насихаттау мәселелері жан-жақты талқыланды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты трансформациялау: жүйелі алдын алудан жаңа буын стратегиясына көшу» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі кезеңдегі алдын алу тетіктері мен жаңа тәсілдерге тоқталды.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы» Абай облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Алуа Сабалакова «Мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасап, қоғамдағы құқықтық сананы нығайту мен мемлекеттік қызмет жүйесінде адалдық қағидаттарын орнықтырудың маңызын атап өтті.

Жиын барысында қатысушылар қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету, жастар арасында парасаттылық пен адалдық құндылықтарын дәріптеу мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ, 2026 жылға арналған «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» атты әлеуметтік жоба таныстырылып, оны жүзеге асыру тетіктері қаралды. Жоба аясында білім беру, ақпараттық-түсіндіру, әлеуметтік және мәдени бағыттағы 15 іс-шара өткізу жоспарланғаны айтылды.

Отырыста «Ар-ұждан және адалдық мәдениеті» атты жаңа бастама ұсынылып, жастар тәрбиесінде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ар іліміне» негізделген құндылықтарды кеңінен насихаттау қажеттігі көтерілді.

«Сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесіп, жүйелі түрде жүргізу аса маңызды. Әсіресе, жастар арасында адалдық пен парасаттылық құндылықтарын насихаттауға ерекше назар аударуымыз қажет», – деді филиал директоры Думан Рымғалиұлы Орынбеков.

Кеңейтілген отырыс қорытындысында бірқатар нақты шешімдер қабылданып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Қатысушылар өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.