Жаңасемей ауданында көшелер жарықтандырылып, абаттандыру жұмыстары күшейді

Жаңасемей ауданында көшелер жарықтандырылып, абаттандыру жұмыстары күшейді

Жаңасемей ауданында инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. Бұл туралы аудан әкімі Нұржан Әбдікәрімов мәлімдеді. Қазіргі таңда ауданда көшелерді жарықтандыру деңгейі 46 пайыздан асты. Өткен жылы 190 көшенің 88-і жарықтандырылып, тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді.

– Прииртышское ауылында 2 көшеге 30 бағана, Мұқыр ауылында 2 көшеге 33 бағана орнатылды. Қайнар ауылында 5 көшедегі 160 шам жаңартылды. Талица ауылында 6 көшеге 18 жарық шамы қойылып, Половинки ауылында 2 көшеге 4 жарық шамы орнатылды, – деді аудан әкімі.

Алдағы уақытта жарықтандыру деңгейін 50 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта Талица, Алғабас, Ақбұлақ, Абыралы, Гранитный, Шаған және Шүлбі кенттерінде 7 көшеге жарық орнатылады. Ауданда абаттандыру жұмыстары да қатар жүргізіліп келеді.

– Половинки ауылында балалар ойын алаңының төсемі демеушілер есебінен жаңартылды. Озерки ауылында ерекше балаларға арналған ойын алаңы салынды. Сонымен қатар Шүлбі, Шаған кенттері мен Қайнар ауылында бейнебақылау камераларын орнату жоспарланып отыр. Талица, Половинки, Каштак және Озерки ауылдарында 15 жол белгісі қойылды, – деді Нұржан Әбдікәрімов.

Инженерлік инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. Қайнар ауылында өрт сөндіру бекеті салынды. Ал Бөкенші ауылында техника қоюға арналған жылы бокс құрылысы аяқталып, құжаттары рәсімделіп жатыр.


#Абайская область, #Жанасемей