Жарма ауданында өнеркәсіп өнімдерінің үлесі артуда
Жарма ауданының экономикасының барлық салаларында өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 509,9 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға өсті. Бұл туралы Жарма ауданының әкімі Нұрлан Борсықбаев баяндады.
- Ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 39,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 3,31 млрд теңгеге өсті, бұл 105,6% нақты көлем индексін көрсетеді. Ірі қара мал басы 24%-ға, қой-ешкі басы 13%-ға артты. Ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылып, 56 жаңа техника сатып алынды, ал инвестиция көлемі 706 млн теңгені құрайды, - деді аудан әкімі.
Спикердің айтуынша, ауданның барлық қаржыландыру көздері есебінен 10 701 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде 46 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына үлестірілген. «Кең дала» бағдарламасы шеңберінде Аграрлық несие корпорациясы арқылы 420,0 млн. теңге қаржы бөлініп, 3 шаруашылық құрылымдары 6 пайызбен несие алған. «Госагро» портал арқылы «Шалабай», «Алтын Қазан и К», «Сарыбас», «Нұркелді» шаруашылықтары жалпы көлемі 346 тоннаны құрайтын төмен бағадағы жанар-жағармай бөлінген.
- Инфрақұрылым саласында бірқатар жобалар жүзеге асырылып, ауылдарды сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, жарықтандыру және әлеуметтік нысандар құрылысына айтарлықтай қаражат бөлінді. Жол жөндеу жұмыстары аясында 31 шақырым жол жөнделіп, бірнеше ауылдық округтердегі көшелер ретке келтірілді, - деп атап өтті Нұрлан Борсықбаев.
Айта өтсек, спорттық және мәдениет нысандарын дамыту аясында бірқатар жобалар іске асырылып, жаңа спорт модульдері мен мәдениет үйлерінің құрылысы жалғасуда.
- Денсаулық сақтау және білім беру саласын медициналық құрал-жабдықтарға 85 млн теңге бөлінді, ал ауылдық жерлерде медициналық пункттер салуға 1,425 млрд теңге қарастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Білім беру саласында 8 мектепке жаңа модификациялық кабинеттер сатып алынып, 25 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді, - деп қорытындылады Нұрлан Борсықбаев.
#Абайская область, #Жарминский район