Жастар көзқарасындағы патриотизм және заманауи технология
Қазақстан халқының шамамен 50 пайызын жастар құрайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында жастардың рөліне, патриотизмге және жасанды интеллекттің маңызына ерекше тоқталды.
– Президент Жолдауында айтылған ойлар маған өте жақын. Бүгінгі патриотизм тек сөзден емес, нақты істен көрінуі керек деген пікірмен толық келісемін. Университетте оқи жүріп ғылыммен айналысу, стартаптар мен әлеуметтік жобаларға қатысу – Отанға қызмет етудің бір жолы. Жасанды интеллектті меңгеру арқылы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға болады. Нағыз патриот – заман талабына сай ойлайтын, ел болашағы үшін жауапкершілік алатын жас, – дейді Шәкәрім университетінің студенті Нұрасыл Елубаев.
Бүгінгі таңда жасанды интеллект – жай ғана технология емес, мемлекеттің даму деңгейін айқындайтын маңызды құрал. Жастар бұл саланы меңгеріп, ғылым мен инновацияны ел игілігіне бағыттаса, бұл – нақты патриоттық іс.
– Жасанды интеллект саласы – болашақтың кілті. Егер біз осы бағытта білім алып, оны Қазақстанның дамуына қолдансақ, бұл нағыз патриоттық қадам болар еді. Ұраннан гөрі нақты нәтиже маңызды, – дейді Шәкәрім университетінің студенті Ахмет Есенбек.
Патриотизм тек мемлекеттік қызметпен өлшенбейді. Ол елге адал болу, білім алу, шығармашылықпен айналысу және қоғамға пайдалы іс атқару арқылы да көрініс табады.
– Қысқаша айтқанда, патриот болу үшін міндетті түрде мемлекеттік қызметте жұмыс істеу шарт емес. Ең бастысы – елге, қоғамға және ұлттық құндылықтарға адал болу. Жастар ғылыми зерттеулер жүргізсе, технология мен инновацияны дамытса, әлеуметтік жобаларға атсалысса немесе мәдени және ұлттық құндылықтарды насихаттаса, бұл да - патриотизмнің айқын көрінісі, – деп атап өтті Әлихан Бөкейхан университетінің студенті Сабина Серікжанқызы.
Сонымен қатар Абайдың 180 жылдық мерейтойы жастар үшін маңызды рухани бағдарға айналды. Бұл кезеңде жастар волонтерлік қызметке белсенді қатысып, ұлы ойшылдың мұрасын насихаттауға үлес қосты. Абай мұрасын терең меңгеріп, ұлттық құндылықтарды заманауи технологиямен ұштастыра білген жағдайда елдің мәдени және интеллектуалдық дамуы қамтамасыз етіледі.
– Абайдың 180 жылдық мерейтойы біз, жастар үшін үлкен рухани бағдар болды. Волонтер ретінде біз қоғамға қызмет етіп қана қоймай, Абайдың даналығын насихаттап, ұлттық құндылықтарды сақтауға және оны өз қатарластарымызға жеткізуге атсалысамыз, – дейді Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназиясының оқушысы Амир Маратов.
#Абайская область, #молодежь, #искусственный интеллект