Желтоқсан рухын жалғаған ауыл әкімі
Елге адал қызмет етіп, қоғам игілігі жолында табанды еңбек еткен азаматтарды ұлықтау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Осы ұстанымды жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдің дамуына үлес қосқан тұлғалардың еңбегін әділ бағалауға ерекше мән беріп келеді. Соның айқын дәлелі – Желтоқсан оқиғасының батыры, Көкпекті ауданына қарасты Шұғылбай ауылының әкімі Нұрлан Назархановтың «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталуы. Мемлекеттік марапатты салтанатты түрде табыстаған облыс әкімі Берік Уәли бұл азаматтың елдік мүдде жолындағы еңбегін ерекше атап өтті.

Нұрлан Назарханов – тәуелсіздік тарихындағы тағдырлы кезеңде ерлігімен танылған Желтоқсан қаһармандарының бірі. Бүгінде сол күрескерлік рухты мемлекеттік қызметте жалғастырып, ауыл әкімдігі қызметін абыроймен атқарып келеді. Оның басшылығымен Шұғылбай ауылында әлеуметтік мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп, халықпен тығыз байланысқа негізделген басқару үлгісі қалыптасты.

Ауыл әкімінің кәсіби біліктілігі мен басқару тәжірибесі республикалық деңгейде де жоғары бағаланды. Астанада өткен әкімдер форумында Нұрлан Назарханов Президент алдында сөз сөйлеп, жергілікті басқарудағы жинақтаған тәжірибесімен бөлісті. Ол ауылды дамытудағы нақты шешімдер, тұрғындармен ашық диалог орнату және бастамаларды тиімді жүзеге асыру мәселелерін көтерді.

Берік Уәлидің басшылығымен Абай облысында халыққа жақын, ашық әрі нәтижеге бағытталған басқару қағидаттары жүйелі түрде іске асырылып келеді. Облыс әкімі жергілікті жерлерде еңбек етіп жүрген әкімдердің жауапкершілігін арттыруды және олардың бастамаларын қолдауды өңір дамуының басты тетігі ретінде қарастырады.Нұрлан Назархановқа көрсетілген бұл құрмет – жеке азаматтың ғана емес, ауылдық деңгейдегі тиімді басқарудың жоғары бағалануы. Мұндай марапаттар елге қызмет етудің мәртебесін арттырып, жас буынға отансүйгіштік пен жауапкершілік үлгісін көрсетеді.

Елге қызмет ету – ең биік парыз. Сол жолда аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарды қолдау мен дәріптеу – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.
#Абайская область, #Желтоксан, #аким