Жерлесіміз «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды

Жерлесіміз «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды

Елордада ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саланың дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлерді марапаттады. Оның ішінде жерлесіміз де бар. Рымхан Талапханұлы Сыдықов ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімдігінің баспсөз қызметіне сілтеме жасап. 


Рымхан Талапханұлы Сыдықов 1966 жылы 31 шілдеде Абай ауданының Қасқабұлақ ауылында дүниеге келді. Орта мектепте он жылдық білім алып, ерте жастан еңбекке араласқан.
1986 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеп, елге келген соң ауыл шаруашылығы саласына бет бұрады. 1989 жылға дейін «Комсомол жастары» бригадасында, 1989 жылдан 1998 жылға дейін «Әуезов» өндірістік кооперативінде шопан болып еңбек етті. 1998 жылдан бері «Қасқабұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бас шопан. 
Бүгінде оның шаруашылығында 370 бас сиыр, 760 бас жылқы, 160 бас түйе және 3480 басқа жуық ұсақ мал бар. Ауыл шаруашылығының майталманы әрбір түлікке ерекше қамқорлықпен қарайды. 
Рымхан Талапханұлы – отбасының тірегі, адал жар, ардақты әке. Үш бала тәрбиеледі, олар да әкенің берген тәлімі мен еңбекқорлығының үлгісін алып өсіп келеді. Марапат иесі ауылдың тыныс-тіршілігіне белсене атсалысып, өз ауылының дамуына үлес қосып жүр.


#Абайская область, #Президент РК, #награда, #Абайский район