Жұмысшы мәртебесі – қоғам назарында

Жұмысшы мәртебесі – қоғам назарында

Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында ұлттық өнім өндіретін «Адал Ас» компаниясы өз қызметкерлерін қолдаудың нақты үлгісін көрсетуде. Кәсіпорын ұжымы тек сапалы өніммен ғана емес, жұмысшыға жасалған жан-жақты қамқорлықпен де танылып отыр.

"Адал ас" компаниясы – ұлттық тағамдарымыздың дәмін сақтап, оны заманауи нарыққа ұсынуда ерекше жол салған отандық өндіріс орны. Компания өз жұмысын тек сапалы, табиғи өнімдерге негіздей отырып, тұтынушыларға бауырсақтың түр-түрін, женттің бірнеше нұсқасын және әртүрлі кондитерлік өнімдерді ұсынып келеді.

Бүгінгі таңда нарықта ұлттық өнімдерге деген сұраныс артып келеді. Осы сұранысты қанағаттандыру жолында "Адал ас" компаниясы өзінің дәмі мен сапасы үйлескен өнімдерін халыққа ұсыну арқылы үлкен абыройға ие болды. "Адал ас" компаниясының басты ерекшеліктерінің бірі – өнімдерінің қолмен жасалуы. Бұл – тек дәмнің ғана емес, еңбектің де ерекше екенін білдіреді. Әр бауырсақ, әр жент – қолөнердің бір көрінісі. Бұл жерде жұмысшы мамандарының рөлі ерекше. Себебі барлық өнімдер адамның қолымен, ықыласпен, махаббатпен дайындалады. Компания басшылығының басты мақсаты – ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарды қайта жаңғырту. Осы орайда "Адал ас" компаниясы дәстүрлі дәмдерді сақтай отырып, оларды қазіргі заманның талаптарына сай, санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып өндіреді.

Жұмысшылардың шеберлігі мен тәжірибесі – өнімнің сапасының кепілі. Олар ұлттық тағамдардың жасалу әдісін жетік меңгеріп қана қоймай, оны жаңа заман талабына сай жетілдіре отырып, тұтынушы талғамынан шығуға бар күшін салады.

Қарапайым еңбек адамын дәріптеп, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі. Осы орайда отандық өнім өндірумен айналысатын «Адал Ас» компаниясы өз жұмысшыларына деген құрметін нақты іспен дәлелдеп келеді. Бұл өңіріміздегі өндіріс орындары үшін үлгі боларлық тәжірибе.

Компанияда бүгінде 70-ке жуық адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың басым көпшілігі – кәсіпорын алғаш құрылған күннен бастап еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар. Бұл – ұжымдағы тұрақтылық пен сенімнің, басшылық пен жұмысшылар арасындағы өзара құрметтің айғағы.

Қызметкерлердің көбі қол еңбегін қажет ететін өндірісте жұмыс істейді. Олар күн сайын адал еңбек етіп, сапалы өнім шығаруға өз үлесін қосуда. «Адал Ас» компаниясының табысының артында осы жандардың маңдай тері мен кәсіби шеберлігі жатыр.

Компанияның еңбек адамына деген құрметі сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрініс табуда. Жуырда кәсіпорыннан екі қызметкерге арнайы шетелге демалысқа жолдама берілді. Бұл – еңбегімен көзге түскен мамандарға жасалған ерекше қолдау, лайықты марапат.

– Жұмысшыларымыз – біздің басты байлығымыз. Олардың еңбегін бағалау, жағдайын жасау – компания үшін басты міндет. Жұмыскерге жақсы жағдай жасалса, ол өз ісіне жан-тәнімен беріледі, – дейді компания басшылығы.

«Адал Ас» компаниясы жыл сайын мектеп жасындағы балалары бар ата-аналарға алғашқы және соңғы қоңырау кезінде қаржылай көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған. Бұл – қарапайым қызметкердің отбасы жағдайын ескеріп, әлеуметтік тұрғыдан қолдаудың жарқын үлгісі. Әр баланың мектепке дайындалу кезеңі ата-ана үшін үлкен жауапкершілік. Компания осыны ескеріп, бізге үлкен көмек көрсетеді. Бұл – тек материалдық емес, рухани қолдау.

Сонымен қатар, кәсіпорын Құрбан айт пен Ораза айт сияқты діни мерекелер кезінде де жұмысшыларға материалдық көмек көрсетіп, ынтымақ пен бірлікті насихаттауда. Бұл ұжымдағы рухани байланыс пен сыйластықты арттырып, компанияны нағыз отбасылық ұжымға айналдырып отыр.

Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялануы – бұл салада еңбек етіп жүрген азаматтардың беделін көтеруге бағытталған маңызды шешім. Осы мақсатқа үлес қосып отырған кәсіпорындардың бірі – «Адал Ас» екенін сеніммен айтуға болады.

Еңбек адамына жан-жақты жағдай жасап, әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсету – тек бір кәсіпорынның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Өйткені ел дамуы – дәл осы еңбек адамдарының маңдай терімен тығыз байланысты.


#Семей, #Абайская область, #Адал Ас, #Год рабочих профессий