Жылу маусымы қорытындыланды: Семейде жаңғырту жұмыстары жалғасады

Жылу маусымы қорытындыланды: Семейде жаңғырту жұмыстары жалғасады

Семей қаласында 2025–2026 жылғы жылыту маусымы жоспарлы әрі тұрақты аяқталды. Бұл  туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімі Әділет Қожанбаев айтты, -деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.  Қала әкімінің айтуынша, жылумен қамту жүйесі толық бақылауда болып, тұрғындарға жылу үздіксіз берілген. 

Қаладағы жылумен қамту 21 қазандық пен ТЭЦ-1 арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, 76 орталық жылу пункті мен 96 қазан агрегаты жұмыс істейді. Жалпы жылу желілерінің ұзындығы 346,7 шақырымды құрайды. 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық барысында Қазақстан Үкіметінің резерві мен жергілікті бюджеттен 4,9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде:3,9 млрд теңге – 13 жылу көзін жөндеуге956 млн теңге – 3,49 км жылу желілерін жаңартуға бағытталды, Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігі артып, маусым 2025 жылғы 29 қыркүйекте уақытылы басталды,-деді шаһар басшысы.

Норматив бойынша 10 тәулікке қажетті көмір қоры 25,8 мың тоннаны құрайды. Маусым барысында 402 мың тоннадан астам көмір жеткізіліп, қазіргі қалдық 17,7 мың тонна шамасында. Көмір сатып алуға 764 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Жылыту кезеңінде барлық нысандар штаттық режимде жұмыс істеді. Жалпы 141 технологиялық бұзушылық тіркеліп, олардың барлығы нормативтік мерзімде жойылды. Апаттылық деңгейі өткен маусыммен салыстырғанда 15,8%-ға төмендеді,-деді қала әкімі.

Қала басшысының айтуынша, жылыту маусымы аяқталғаннан кейін ыстық су кезең-кезеңімен беріледі:

Сол жағалауда: ТЭЦ-1 арқылы 252 үй

Оң жағалауда:

Габбасова қазандығы – 186 үй

«МЭН» қазандығы – 43 үй

РК-3 – 120 үй

Жалпы қалада 1588 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның: 1317-сі орталық жылуға қосылған. 271 үй орталық жылумен қамтылмаған. Ыстық сумен жабдықтау жүйесіне 697 үй қосылған. Оның ішінде 96 үйде жаз мезгілінде уақытша шектеу енгізіледі – бұл ішкі желілерді жаңғырту жұмыстарына байланысты. Жазда 601 көпқабатты үй (40 мыңнан астам абонент) ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Ал 620 үйде мұндай жүйе мүлдем жоқ. 2026–2027 жылғы жылыту маусымына дайындық аясында: 2,5 млрд теңге бөлініп, 10 жылу көзінде жөндеу жүргізіледі. Оның ішінде ТЭЦ-1-де де жаңғырту жұмыстары қарастырылған. Мердігермен келісімшарт 2026 жылғы 3 наурызда жасалған. Сонымен қатар, кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 736 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек, жылу желілерін қосымша жөндеуге 1,3 млрд теңгеге бюджеттік өтінім берілді,-деді Әділет Нұрсағатұлы. 

Жалпы алғанда, Семей қаласында жылыту маусымы тұрақты әрі қалыпты жағдайда өтті. Алдағы кезеңде негізгі назар жылу инфрақұрылымын жаңғыртуға және оның сенімділігін арттыруға бағытталады.


#Семей, #отопительный сезон, #горячая вода