Абай облысының әкімі Көкпекті ауылындағы көпірдің жағдайымен танысты

Абай облысының әкімі Көкпекті ауылындағы көпірдің жағдайымен танысты

Облыс әкімі Берік Уәли жұмыс сапарымен Көкпекті ауданына барды. Аймақ басшысы әлеуметтік, мәдени нысандарды аралап, аудан орталығындағы автобекеттің құрылысымен танысты. Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық барысын тексерді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Облыс әкімі аудандағы жұмыс сапарын Көкпекті ауылындағы көпірдің жағдайымен танысудан бастады. 1979 жылы салынған көлік өткелінің ұзындығы - 104 метр, жүріс бөлігінің ені - 8 метр. Қазіргі уақытта көпір күрделі жөндеуді қажет етеді. Аудан әкімі Әділет Қожанбаев нысанға жобалық сметалық құжаттама әзірлеу үшін тиісті басқармаға бюджеттік өтінім берілгенін айтты. 

Аймақ басшысы ескі көпірді жөндеуден өткізудің маңызды екенін атап өтті. Су тасқынына қарсы дайындықты күшейтуді, елді мекендердегі қауіпті аймақтарды күнделікті қадағалауда ұстауды тапсырды. 

«Көкпекті – өңірдегі қар ең көп түсетін аудандардың бірі. Аудандағы қар көлемі жылдағыдан қалың. Сондықтан қауіптің алдын алып, ауылдардағы, аудан орталығындағы қардың барлығын шығару керек. Төтенше жағдай туындаған жағдайда тез арада жедел шаралар қабылдауға дайын болуымыз қажет» деді облыс әкімі.


#Абайская область, #Аким области Абай, #Кокпектинский район, #Берик Уали