Абай облысында жаңа Конституцияның ресми басылымын табыстау рәсімі өтті
Бүгін Абай облысында республикалық референдум арқылы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне енуіне орай жаңа Ата заңның ресми басылымын табыстау рәсімі өтті.

Салтанатты жиынға Абай облысының әкімі Берік Уәли, облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мейрамхат Айнабеков, құқық қорғау органдарының, өңірлік департаменттердің басшылары, басқарма жетекшілері және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Шара барысында аймақ басшысы жаңа Конституцияның ел тарихындағы және мемлекеттік дамуындағы маңызды рөліне тоқталды.

«Бүгіннен бастап бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған жаңа Конституция өз күшіне енді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Конституция – ел үшін тек құқықтық құжат қана емес, қоғамды біріктіретін басты құндылық. Жаңа Конституция еліміздің жаңару бағытын айқындап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге және өңірлердің орнықты дамуына жаңа серпін береді», – деді Берік Уәли.
Облыс әкімі жаңа Ата заңды қабылдау – бүкіл халықтың ортақ таңдауы әрі ортақ жауапкершілігі екенін атап өтіп, осы тарихи үдеріске үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді. Жаңа Конституцияның ресми басылымын тарату жұмыстары Қазақстан Республикасы Конституциясын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Осы мақсатта мемлекеттік және орыс тілдерінде Конституцияның 25 мың данасы басылып шығарылып, еліміздің мемлекеттік органдарына жеткізілді. Оның ішінде 1146 данасы Абай облысына бөлініп, аудан әкімдіктеріне, білім беру ұйымдарына, кітапханаларға және кәсіподақ ұйымдарына таратылды. Бұл – азаматтардың Конституция мазмұнымен кеңінен танысуына, құқықтық мәдениеттің қалыптасуына және қоғамдағы құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысының арнайы құттықтауымен жолданған жаңа Конституцияның ресми басылымы облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбековке және облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мейрамхат Айнабековке табысталды.

Жаңа Ата заңның күшіне енуі – еліміздің құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи оқиға. Конституцияда белгіленген қағидаттар қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және Қазақстанның одан әрі дамуына берік негіз болады.
#Конституция, #маслихат, #общественный совет, #Основной Закон