Конституция – халықтың таңдауы, мемлекеттің тұғыры
Конституция заңды күшіне енген күнді мемлекет дамуының тарихи маңызды кезеңінің басталуы деп айтуымызға болады. Өйткені тарихта мемлекеттердің дамуын тек экономикалық реформалар немесе саяси оқиғалар емес, конституциялық таңдаулар айқындайды,-дейді Alikhan Bokiekhan University тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, Абай облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Айрат Базенов.
Конституция заңдар жинағы емес. Конституциялық құқық ғылымында ол мемлекеттің қоғамдық келісімі әрі ұлттың өркениеттік бағдары ретінде қарастырылады. Ол қоғамның қандай құндылықтарға сүйеніп өмір сүретінін, мемлекет пен азаматтың қарым-қатынасы қандай қағидаттарға негізделетінін белгілейді.Сондықтан 1 шілде жаңа құқықтық нормалардың күшіне ену күні,әділетті мемлекетілік идеясының негізіндегі ел дамуының жаңа кезеңі. Халықтың референдум арқылы білдірген еркінің нақты құқықтық күшке айналған күні. Конституцияның күші оның мәтінінде емес, қоғамның оны өзінің ортақ құндылығы ретінде қабылдауында. Конституция халықтың меншігіне айналған кезде ғана құқықтық мемлекет шын мәнінде қалыптаса бастайды.Конституция қабылданған кезде мемлекет халыққа заң бермейді. Керісінше, халық мемлекетті қалай жұмыс істеу керектігін Конституция арқылы белгілейді. Сондықтан Конституция биліктің емес, халықтың құжаты.Әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесінде Конституция тұрақты экономикаға, сапалы білімге, әділ сотқа және қоғамдағы сенімге жол ашады.Бірақ бір маңызды нәрсе бар. Ешқандай Конституция өздігінен әділет орната алмайды. Оның шынайы күші оны құрметтейтін азаматта, оны адал орындайтын мемлекеттік қызметшіде және заңды бәрінен жоғары қоятын қоғамда. Бұл әрқайсымыздың заңға, жауапкершілікке және ортақ болашағымызға деген көзқарасымызды жаңартатын күн. Өйткені күшті Конституцияның ең үлкен тірегі - саналы азамат,-дейді ол.