Табиғатқа жанашырлық алғаш рет конституциялық міндетке айналды: еліміздің жаңа Ата Заңы күшіне енді

Табиғатқа жанашырлық алғаш рет конституциялық міндетке айналды: еліміздің жаңа Ата Заңы күшіне енді

Бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енді. Бұл құжат мемлекет, қоғам және әрбір азаматтың қоршаған ортаны қорғау мен сақтаудағы жауапкершілігін мүлде жаңа деңгейге көтереді.

Қазақстан тарихында алғаш рет әрбір азаматтың табиғатқа және қоршаған ортаға ұқыпты қарау міндеті конституциялық деңгейде нақты бекітілді. Бұл – экологиялық жауапкершілікті нығайтуға және қоғамда жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Конституцияның преамбуласында азаматтардың келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігі айқындалған. Бұл табиғи ресурстарды ұтымды әрі ұқыпты пайдаланудың маңызымен тікелей байланысты. Сонымен қатар, Конституцияның 37-бабында әрбір азаматтың табиғатты қорғау міндеті бекітілген.

Дәл осы қағидаттар бүгінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының негізін құрайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелүлы Тоқаев бірнеше мәрте атап өткендей, бұл жоба – қоршаған ортаның тазалығына, ойдың тазалығына және жоғары азаматтық жауапкершілікке негізделген жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Жоба іске қосылғаннан бергі нәтижелер оның ауқымын айқын көрсетеді. Республика бойынша 5,2 миллион ағаш отырғызылып, 2,2 миллион тонна қалдық жиналды, сондай-ақ 3,4 миллион гектар аумақ тазартылды. Ең бастысы, бұл бастама шын мәнінде бүкілхалықтық жобаға айналды. Себебі жыл сайын өткізілетін экологиялық акцияларға 6,5 миллионнан астам адам белсенді қатысады.

Экологияға деген шынайы жанашырлық әр адамның күнделікті қарапайым іс-әрекетінен басталады. Қоқыс қалдырмау, суды үнемдеп пайдалану, ағаш отырғызу, өз ауласы мен қоғамдық орындардың тазалығын сақтау – осындай қарапайым қадамдардың нәтижесінде қалаларымыз бен ауылдарымыз таза, жайлы әрі көрікті бола түседі. Сенбіліктерге белсенді қатысу да осы игі істің маңызды бөлігі.

Бүгін табиғатқа және қоршаған ортаға ұқыпты қарап, біз келешек ұрпақ үшін қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастырып, еліміздің орнықты дамуына өз үлесімізді қосамыз. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі барлық ел тұрғындарын «Таза Қазақстан» бастамасын белсенді қолдауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады. Нағыз экологиялық мәдениет әрқашан әр адамның жеке үлгісінен басталады, ал ауқымды қоғамдық өзгерістер әркімнің өзінен бастау алатын шағын қадамдарынан құралады.


#природоохрана, #Конституция, #Основной Закон