Абай облысының шығармашылық зиялы қауымы Жаңа Конституцияны қолдады
Абай облысында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері өңірдегі шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Іс-шара Абай атындағы облыстық кітапхананың оқу залында ұйымдастырылды. Талқылау жұмысына мәдениет және өнер қайраткерлері, ғалымдар, ақындар, жазушылар, театр және кино саласының мамандары, музей, оқу-ағарту салаларының қызметкерлері және өңірдегі өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Жаңа Конституция жобасының құндылығы мен мазмұндық негізі, сондай-ақ оның ұлттық мәдениетті дамытудағы және мемлекеттік бірегейлікті нығайтудағы маңызы басты назарға алынды.

Кездесуді ашқан кітапхана директоры Мерей Қарт Абай есімімен байланысты рухани кеңістікте ел болашағына қатысты сөз қозғалып отырғанының символдық мәніне тоқталды. Оның айтуынша, Абай мұрасы күні бүгінге дейін ұлттың адамгершілік бағдарын айқындап келеді. Сондай-ақ ол Жаңа Конституция жобасында білім мен ғылымды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытының бірі ретінде бекітілгенін айтты. Бұл ұлттың зияткерлік әлеуетін нығайтып, мемлекеттің тұрақты дамуының берік негізіне айналады.
Айтыскер ақын, халықаралық байқаулардың лауреаты Мұхтар Ниязов Жаңа Конституция ұлттық-мәдени мұраны қорғауды күшейтіп, жер мен оның қойнауындағы қазбай байлық Қазақстан халқына тиесілі екені туралы қағидатты бекітетінін ерекше атап өтті. Бұл қадам табиғи ресурстарға қатысты жалпыұлттық жауапкершілік сезімін нығайтып, оларды пайдалану кезінде қоғамдық мүдденің басымдығын айқындайды.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, мәдениет қайраткері Төлеген Жанғалиев жоба преамбуласының мазмұнына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, преамбулада қазақ мемлекеттілігінің тереңнен тамыр тартатын тарлан тарихы көрініс тауып, Ұлы Даланың дәстүр сабақтастығын айқындайды. Ол Ата Заңда қоғамдық келісім, халықтың бірлігі, этносаралық және конфессияаралық диалог қағидаттарының бекітілуі мемлекеттің тұрақтылығы мен үйлесімді дамуының маңызды негізі саналатынын атап өтті.

Кездесу қорытындысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өз сөзінде Жаңа Конституция тек негізгі құқықтық акт қана емес, мемлекет пен азаматтар арасындағы мүдделер тепе-теңдігін айқындайтын заманауи қоғамдық келісім екенін атап өтті. Оның айтуынша, құжат адамға бағдарланған даму моделіне көшуді бекітеді. Бұл модельде адамның өзі, оның құқығы мен бостандығы басты орынға қойылады. Сондай-ақ оның білімін, бастамасын және жасампаз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасау көзделеді.

Ол білім, ғылым, мәдениет және инновацияларды дамыту ісі стратегиялық басымдықтар деңгейінде бекітілетінін, ал ұлттық мәдениетті қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселесі конституциялық мәнге ие болатынын айтты. Осылайша қоғамның ұйысуына, ұлттық бірегейлікті сақтауға және мәдени құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізуге берік негіз қаланады.

Пікірталас барысында қатысушылар Жаңа Конституция жобасының тек құқықтық мазмұны ғана емес, терең құндылығы бар екенін атап өтті. Құжат Қазақстан мемлекеттілігінің кемелдігін, тарихи құндылықтарға сүйенудің маңызын және дербестік, әділдік, заң үстемдігі мен тәртіп қағидаттарының мызғымастығын бекітеді.
Ашық диалог барысында мәдениеттің қоғамдық сананы қалыптастырудағы рөлі, әдебиет пен өнерді қолдау, тарихи жадыны сақтау мәселелері көтерілді. Абай облысының шығармашылық зиялы қауым өкілдері Жаңа Конституцияны тек құқықтық шеңберді белгілейтін құжат емес, ел дамуының моральдық бағытын айқындайтын маңызды құжат ретінде қабылдайтындарын айтып, алдағы референдумға қолдау білдірді.
#Абайская область, #Референдум, #Конституционная реформа