Аида Балаева референдумде дауыс берді

Аида Балаева референдумде дауыс берді

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі жалпыұлттық референдумға қатысты. Дауыс беру Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы ғимаратында орналасқан №129 сайлау учаскесінде өтті. Бүгінгі оқиғаның маңыздылығына тоқталған Премьер-Министрдің орынбасары жаңа Конституцияны қабылдау елдің одан әрі дамуының маңызды кезеңі екенін атап өтті.

«Әрбір ұлт, әрбір мемлекет өзінің болашақ дамуының жолын іздейді. Қазақстан да бұл тұрғыда ерекшелік емес. Халықтық Конституцияны қабылдау әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құруды көздейді. Қазақстандықтар дұрыс таңдау жасайды деп өте үміттенемін», – деді А.Балаева.

Сонымен қатар, Мәдениет және ақпарат министрі референдум күні қазақстандықтардың жоғары азаматтық белсенділігін атап өтті. Оның айтуынша, таңертеңнен бастап азаматтардың белсенді қатысуы байқалады, бұл елде ашық қоғамның қалыптасып келе жатқанын, саяси мәдениеттің өскенін және азаматтардың мемлекеттің болашағына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді.

«Біз таңертеңнен бастап ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізіп жатырмыз және халықтың референдумға қатысу белсенділігі жоғары екенін көру қуантады. Қазақстанда ашық қоғам қалыптасқанын, саяси мәдениеттің жоғары екенін және азаматтардың жауапкершілігі айқын сезілетінін байқаймын. Елімізге бейжай қарамайтын, саналы жауапкершілігі бар азаматтар бар. Бұл – мемлекет басшысының 2019 жылдан бері дәйекті түрде жүргізіп келе жатқан әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құруға бағытталған саяси реформаларының нақты нәтижесі деп ойлаймын», – деді вице-премьер.

Айта кетейік, дауыс беруге арналған сайлау учаскелері Астана уақыты бойынша сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады.


#Референдум, #Конституционная реформа, #Министерство культуры и информации РК