Болашаққа бірге қадам: «Казполиграф» ЖШС ұжымымен референдум тақырыбындаашық диалог
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалицияның Абай облыстық филиалының мүшелері «Казполиграф» ЖШС еңбек ұжымымен кездесіп, жаңартылған Ата заң жобасын талқылады. Кездесу барысында алдағы референдумның маңызы түсіндіріліп, конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттары жан-жақты қарастырылды.
Жиын барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасының басты қағидаттарына назар аударды. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары сенімді қорғалатын, заң үстемдігі берік орныққан, қоғам мен билік арасындағы өзара сенімге негізделген әділетті мемлекет қалыптастыру мәселелері сөз болды.

Кездесуде сөз алған қоғам өкілдері Қайрат Смағұлов пен Айгерім Смағұлова референдумның ел болашағы үшін стратегиялық маңызын атап өтті.
Қайрат Смағұлов референдум – халықтың мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауға тікелей қатысуының тиімді тетігі екенін айтып, әр азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігі ел дамуының маңызды алғышарты екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол жаңа Конституцияның 31-бабынатоқталып, онда әрбір азаматқа жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшеріне кепілдік берілетінін, жасына, науқастануына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты және өзге де заңды негіздер бойынша әлеуметтік қамсыздандыру қарастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар, бапта ерікті әлеуметтік сақтандыру, басқа әлеуметтік қамсыздандыру нысандары, волонтерлік қызмет пен қайырымдылықтың қолдау табатыны көрсетілген.

Айгерім Смағұлова жаңа Конституция жобасының құқықтық мазмұнына тоқталып, заңдылық, әділеттілік және жауапкершілік қағидаттары басты назарда екенін жеткізді. Ол ұжым мүшелерін ел тағдырына бейжай қарамай, саналы түрде таңдау жасауға шақырды.
Сонымен қатар, кездесуде заманауи өндіріс жағдайындағы цифрландыру, экологиялық жауапкершілік және адами капиталды дамыту мәселелері де көтерілді. Бұл басымдықтардың жаңа Конституция жобасында көрініс табуы – экономиканың тұрақты дамуы мен қоғамның сапалы жаңғыруына бағытталған маңызды қадам екенін көрсетеді.
#Семей, #Референдум, #Конституционная реформа