Еңбек адамының мүддесіне қызмет етеді

Еңбек адамының мүддесіне қызмет етеді

Абай облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өкілдері кәсіподақ ұйымдары мен «СемАЗ» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Кездесулердің басты мақсаты – жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын түсіндіру, еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту мәселелерін талқылау болды.

Топ құрамында коалиция мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұртай Сабильянов және Ерлан Саиров болды.

Алғашқы кездесу Семей медицина университетінде өтіп, қатысушылар жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаттары мен еңбек саласындағы өзекті мәселелерді талқылады, жұмысшылардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру бағыттары туралы ақпарат алды.

Екінші кездесу «СемАЗ» ЖШС зауытында экспромт форматында жалғасты. Осы жүздесуде Нұртай Сабильянов жаңа Конституцияның қоғамның маңызды сұранысына сай әзірленгенін атап өтті. 

«Конституциялық комиссия жұмысының нәтижесінде әзірленген жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, адам құқықтарын қорғауды күшейтуге және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған», – деді депутат.

Коалиция мүшесі Ерлан Саиров жаңа Конституция жобасының саяси маңызына тоқталып: 

«Президенттің саяси ұстанымдары жүзеге асырылып келеді. Еліміздегі саяси жүйені жетілдірудің салмақты әрі эволюциялық жолы нақты нәтиже беріп отыр», – деген депутат, ұлттық саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін тетіктердің Конституция жобасында қарастырылғанын атап өтті.

«СемАЗ» ЖШС қазіргі уақытта отандық автокөлік өндірісін кеңейту, жаңа технологияларды енгізу және бәсекеге қабілетті өнім шығару бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Зауыт басшысы ұжымның 400-ден астам білікті маманды біріктіретіндігін атап өтіп, кездесу соңында коалиция өкілдеріне алғысын білдірді. Ол сондай-ақ 15 наурызда кәсіпорын ұжымы жаңа Конституция жобасын қолдау үшін бірлесіп әрекет ететіндерін хабарлады.

Қатысушылар жаңа Конституция жобасының іске асырылуы еңбек нарығының тұрақтылығын арттыруға, әлеуметтік кепілдіктерді кеңейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға оң әсер ететініне сенім білдірді.

Осылайша, Абай облысындағы кездесулер конституциялық реформалардың халық, әсіресе, еңбек адамының мүддесіне қызмет ететінін көрсетті және жаңа Конституция жобасына деген қоғамдық қолдаудың артып келе жатқанын дәлелдеді. 


#мажилис, #депутат, #Референдум, #Конституционная реформа