Шәкәрім Университеті жаңа Конституциялық бастамаларды қолдайды

Шәкәрім Университеті жаңа Конституциялық бастамаларды қолдайды

Бүгін жарияланған жаңа Конституция жобасы білім, ғылым, инновациялар мен технологияларды мемлекет дамуының стратегиялық бағыты ретінде бекітуге ерекше мән бергенімен ерекшеленеді. Бұл өзгерістерді Шәкәрім Университетінің ұжымы толық қолдайтынын білдірді деп  әлеуметтік желідегі парақшасында оқу орнының ректоры Думан Орынбеков жазды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. 

Университет ректоры атап өткендей, Конституция жобасы елдің тұрақтылығын тек шекара мен институттардың мықтылығында емес, өңірлерде білікті кадрлар мен заманауи құзыреттерді қалыптастыруда көретінін көрсетеді. Адами капиталды мемлекеттік қызметтің стратегиялық бағыты ретінде тану жоғары білім саласы үшін түбегейлі бетбұрыс болып, университеттердің өңірлік зияткерлік орталықтарға айналуына мүмкіндік береді.

Ректорының айтуынша, бұл бағыт университеттерге тек кәсіби дайындық беретін орын болудан шығып, өңірлік даму мен ғылыми зерттеулердің нақты тірегіне айналуға жол ашады. Ғылыми мектептер қалыптасып, қолданбалы әзірлемелер мен өндірістік серіктестік нығаяды. Сонымен қатар, жастарға ерекше мән беріліп, олар өз болашағын туған жерімен байланыстыра отырып, өңірде қалып, еңбек етуге ынталандырылады.

Университет басшысы реформалардың тәрбиелік мәнін де атап өтті. Конституцияда тәуелсіздік, унитарлық мемлекет және аумақтық тұтастық қағидаттарының мызғымастығы көрсетілгені білім беру жүйесі үшін айқын идеологиялық бағдар болып табылады. Университеттер студенттерге тек кәсіби дағды емес, азаматтық сана мен құқықтық мәдениет қалыптастыратын кеңістік ұсынады.

Құндылықтар, ғылым, технология және жауапты жастар үйлесімі елдің ұзақ мерзімді орнықтылығын қамтамасыз етеді. Осы логикада университеттер өңірлерде ел болашағын нақты іспен қалыптастыратын трансформациялық күшке айналады. Шәкәрім Университетінің ұжымы бұл өзгерістерді қолдап, оларды іске асырудың алдыңғы шебінде болуға дайын екенін атап өтті.

Университет ректорының пікірінше, сапалы білім мен ғылыми серпілісті қамтамасыз ете отырып, университеттер елдің институционалдық кемелденуіне нақты үлес қосуға тиіс. Елдің басты ресурсы – парасат пен білім болатын жаңа дәуірге қадам басуда, бұл қуатты, әділетті әрі прогрессивті мемлекет құруға берілген тарихи мүмкіндік, ал академиялық қауымдастық осы сенімді ақтауға дайын.


#Знание, #Национальный Курултай, #Конституционная реформа