Жаңа Конституция – ел тұрақтылығының берік негізі

Жаңа Конституция – ел тұрақтылығының берік негізі

Елімізде Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесі көтерілген сәттен бастап бұл бастаманың жай ғана жекелеген түзетулер емес, ауқымды саяси-құқықтық реформа екені белгілі болды. Абай облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның мүшесі Мейрамхат Айнабековтің айтуынша, бастапқыда Конституцияның 77-бабына өзгеріс енгізу қажеттілігі туындаған. Алайда талқылау барысында өзгерістердің көлемі тым кең екені анықталып, Конституцияның 84 бабына түзету енгізу көзделді. Осыған байланысты қолданыстағы Конституцияға жеке-жеке өзгерістер енгізгеннен гөрі, тұтастай жаңа Конституция қабылдау туралы орынды ұсыныс жасалды.

Бұл бастама негізінде жаңа Конституцияның жобасы әзірленіп, ол бүкіл халықтың талқылауына ұсынылмақ. Мұндай ашық әрі жария үдеріс – қоғам пікірін ескеруге бағытталған маңызды қадам. Себебі Ата заң – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың тағдырына тікелей әсер ететін басты құжат,-дейді Қоғамдық кеңес төрағасы.

Жаңа Конституция жобасындағы негізгі өзгерістердің бірі – Парламент құрылымына қатысты. Бұрынғы екі палаталы Парламенттің орнына жалпы саны 145 адамнан тұратын бір палаталы Парламент құру көзделіп отыр. Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің атауы «Құрылтай» деп өзгертіледі. Бұл тарихи атау елдік мәселелерді кеңінен талқылап, халықтың үнін жеткізетін алаң ретінде жаңа мазмұнға ие болмақ.

Тағы бір маңызды жаңалық – Халық кеңесінің құрылуы. Оның құрамына 126 адам енетін болады. Бұл орган ұсыныс енгізуге қатысты конституциялық құқыққа ие болады. Егер халық тарапынан қолдау көрсетілсе, Халық кеңесінің ұсыныстары іс жүзінде жүзеге асырылады. Бұл – қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттыратын маңызды тетік. 

Конституциялық комиссияның жұмысы да айрықша назар аударарлық. Оның құрамына оннан астам заңгер, ғылым докторлары, профессорлар, тәжірибелі депутаттар және түрлі сала өкілдері кірді. Барлығы бірлесе отырып, кеңесе келе, ел болашағын айқындайтын жаңа Конституцияның жобасын әзірледі. Бұл – кәсіби және жан-жақты ойластырылған құжат екенін көрсетеді, ,-дейді Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия мүшесі.

Мейрамхат Айнабеков атап өткендей, жаңа Конституцияның басты мақсаты – еліміздің тұтастығын сақтау және Президентке деген халық сенімін нығайту. 

Ата заңда елдің амандығы мен тыныштығы, қоғамдық тәртіп пен тұрақтылық мәселелеріне ерекше басымдық берілген. Бұл – қазіргі геосаяси жағдайда аса маңызды. Жаңа Конституция – мемлекеттің берік іргетасы, ел бірлігі мен тұрақтылығының кепілі. Халықтың пікірін ескере отырып қабылданатын бұл құжат Қазақстанның болашақ дамуына сенімді жол ашатыны сөзсіз,-дейді ол.


#Абайская область, #Референдум, #Конституционная реформа