Желтоқсандықтар референдумда өз таңдауларын жасады
Елімізде өткен референдумға қоғамның түрлі өкілдері белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауда. Солардың қатарында Желтоқсан оқиғасының куәгерлері мен қатысушылары – желтоқсандықтар да бар. Олар бұл саяси науқанды ел болашағы үшін маңызды қадам деп бағалап отыр,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі. Желтоқсандықтардың айтуынша, референдум – халықтың өз пікірін білдіретін маңызды мүмкіндік. Олар Ата заңға қатысты өзгерістер мен толықтырулар елдің ертеңі мен ұрпақтың болашағы үшін қажет екенін атап өтті.


«Біз референдумға келіп, өз таңдауымызды жасадық. Бұл еліміздің ертеңі, ұрпағымыздың болашағы үшін керек. Кезінде солқылдақ заңның кесірінен талай адам жазықсыз жапа шекті. Сондықтан заң мықты әрі әділ болуы тиіс. Бұл заң ең алдымен адам құқығын қорғау үшін жазылған. Сол себепті біз Ата заңды қолдаймыз», – дейді желтоқсандықтар.
Олардың пікірінше, заңның үстемдігі – әділетті қоғам қалыптастырудың басты негізі. Мемлекетте қабылданатын әрбір маңызды шешім халықтың қолдауына ие болғанда ғана оның мәні арта түседі.

Желтоқсандықтар жастарды да ел тағдырына бейжай қарамай, қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуға шақырды. Өйткені бүгін қабылданған шешімдер келешек ұрпақтың өміріне тікелей әсер етеді.

Айта кетейік, референдум – халықтың ел өміріндегі маңызды мәселелер бойынша өз пікірін білдіруіне мүмкіндік беретін демократиялық құрал. Сондықтан мұндай саяси науқандар азаматтардың белсенділігін арттырып, қоғамдағы жауапкершілікті күшейтеді.
#Семей, #Абайская область, #Референдум, #Конституционная реформа