30 жылда Парламент 3,5 мыңға жуық заң қабылдады — Президент
Қазақстан Парламенті отыз жылдан астам уақытта 3,5 мыңға жуық заң қабылдап, елдің құқықтық жүйесін қалыптастыру мен мемлекеттілікті нығайтуға елеулі үлес қосты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында айтты,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
— Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын елімізде тұңғыш кәсіби Парламент құрылды. Мүлде жаңа институционалдық үлгіге көшкен заң шығарушы орган мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қосты, сондай-ақ еліміздің құқықтық негізін қалыптастыру және нарықтық экономиканы орнықтыру ісінде маңызды рөл атқарды, — деді Президент.
Оның айтуынша отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды. Ал әрбір оныншы заңға депутаттар өздері бастамашы болды.
— Заң шығару жүйесінің қайнар бастауында бүкіл халқымызға және халықаралық қауымдастыққа танымал саясаткерлеріміз, көрнекті мемлекет қайраткерлері, белгілі қоғам қайраткерлері тұрды. Олардың жемісті еңбегі Парламент тарихында өшпес із қалдырды. Қажырлы қызмет халқымыздың жадында мәңгі сақталып қаларына күмән жоқ, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Парламент әрдайым уақыт талабына тез бейімделіп, қоғам сұранысына лайықты жауап бере алатын жасампаз құрылым болды.
Мемлекетіміздің басты өкілді органы қоғамның түрлі саласындағы кәсіби мамандарды бір мақсатқа тоғыстырды. Елімізде саяси және заңнамалық тұрғыдан сапасы жоғары парламенттік мәдениет қалыптасты.
— Бұл — Қазақстанды дамыған ел ретінде айқындайтын ең маңызды көрсеткіштің бірі. Түптеп келгенде, Парламенттің әрбір шақырылымы Қазақстанның алға қарай нық сеніммен қадам басуына зор серпін берді, басқаша айтсақ, ұлтымыздың эволюциялық өрлеу жолының жарқын үлгісіне айналды, — деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, биыл 1 қыркүйектен бастап жаңа Парламент — Құрылтай өз жұмысына кіріседі.
Ата заңның 94-бабына сәйкес, Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, бұған дейін қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысы сол мезгілден бастап тоқтатылады. Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланады.
Нақтырақ айтқанда, жаңа Конституцияның 95-бабында 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қалыптастырылған Қазақстан Республикасының Парламенті өз өкілеттігін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқтататыны жазылған.
Ал Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай сайлауын жариялайды және ол екі ай ішінде өткізіледі. Бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайдың келісімімен Вице-Президентті тағайындауға тиіс.
#Закон, #Президент РК, #Парламент