Қазақстанда еріктілерге арналған «Мейірім» ордені пайда болды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілерге арналған «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Президент корпоративтік еріктілер қозғалысын дамыту өте маңызды міндет екенін атап өтті. Бизнес әлеуметтік жауапкершілікті сезіне білуге тиіс.
- Мемлекетіміз ұлттық буржуазияны үнемі қолдауда, ал біздің кәсіпкерлер халқымызға қамқор болып, әрдайым көмектесуі керек.Тарихта мұндай мысалдар аз емес. Бақуатты азаматтар мектеп салып, оқу-ағарту ісін дамытуға үлес қосқан. Кітаптар, газет-журналдар шығаруға, халықтың сауатын ашуға зор еңбек сіңірген. Бір сөзбен айтқанда, ұлттың бойында, болмысында жаңа қасиеттер қалыптастыруға белсене атсалысқан.Қазір де көптеген жомарт жанды азаматтарымыз бар. Олар қайырымдылық және басқа да әлеуметтік маңызы бар шараларға еріктілерді көптеп тартатын болды.Бизнес өкілдері корпоративтік волонтерлік қызметке назар аударып, осы бағыттағы жобаларға барынша қолдау көрсетуі керек. Қызметкерлердің қоғамдық жұмысқа белсене атсалысуына жағдай жасауы қажет, - деді Тоқаев.
Президент мемлекеттің жұртқа жақсылық жасап, қоғамдық істерге ұйытқы болып жүрген кәсіпкерлерді қолдайтынын да еске салды.
- Сондықтан мен былтыр арнайы «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Бұл марапат халықтың қамын ойлайтын отаншыл азаматтарға деген шынайы құрметтің белгісі болмақ, - деді ол жиында.
#Президент РК, #форум, #волонтерлер