Мемлекет басшысы Ресей Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен келіссөз өткізді,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ресей Президентінің Қазақстанға сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамыту перспективасын айқындау тұрғысынан ерекше мәнге ие. Бүгінде стратегиялық серіктестік және одақтастық рухындағы екіжақты ынтымақтастық барлық бағытта табысты дамып келеді.
– Екі елдің даму жолдарын өз бетінше әрі дербес таңдауы қос тарапқа кедергі келтірмейді, керісінше, бұл тең құқылы және өзара тиімді әріптестіктің пайдалы жағын еселей түседі. Мұны Қазақстанда да, Ресейде де жақсы түсінеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен күш-жігердің арқасында Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара екі ел экономикаларының игілігі үшін белсенді жұмыс істеп жатқанына назар аударды. Мұның нақты пайдасын шекара маңындағы өңірлерде тұратын 25 миллионға жуық адам сезініп отыр.
– Ғасырлар бойы бір-бірімен қоңсылас өмір сүрген ата-бабаларымыз достық, сенім мен тату көршілік қарым-қатынастың мызғымас құндылықтарын бізге аманат етті. Біз бұл құндылықтарды сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек, – деді Президент.
Келіссөз барысында тараптар екіжақты экономикалық күн тәртібінің негізгі аспектілерін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, денсаулық сақтау, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, спорт және тағы да басқа салалардағы ықпалдастықты нығайтуды көздейтін бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді.
Өз кезегінде Владимир Путин дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын атап өтті.
– Ресей мен Қазақстан – жай ғана емес, ең жақын одақтастар. Мұндай қарым-қатынас ұзақ жылдар бойы қалыптасты. Халықтарымыздың игілігіне қалтқысыз қызмет ететін байланыстарымызды нығайту дәстүрін жалғастырып отырғаны үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтқым келеді, – деді Ресей Президенті.
Владимир Путин ауыл шаруашылығымен қатар, білім және ғылым, жоғары технология, машина жасау, химия өнеркәсібі, өнеркәсіптік өндіріс сияқты салалар ынтымақтастығымыздың басым бағыттарына айналуға тиіс деп санайды.
Кездесу соңында президенттер Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжақты қатынастарды нығайтуға және Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерді ілгерілетуге қос тарап та бейілді екенін растады.
#Акорда, #Президент РК, #Президент России