Сенімділік – жаңа күш: The National Interest басылымында Президенттің мақаласы шықты
АҚШ-қа сапары аясында америкалық The National Interest журналында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы жарияланды. Kazinform мақаланың бейресми аудармасын оқырман назарына ұсынады.
Әлем тұрақтылық ең сирек стратегиялық ресурстардың біріне айналған дәуірге қадам басты. Қақтығыстар көбейіп, геосаяси бәсекелестік шиеленісті, ал халықаралық институттар тығырыққа тірелу, поляризация және қоғам сенімінің төмендеуі салдарынан жиі берекесіздікке ұшырап жатыр.
Ондаған жыл бойы жаһандық саясат бастапқыдан-ақ ағат болмаған жаһандану нұсқасында қалыптасты. Оның мәлімделген мақсаты – кем дегенде қағаз жүзінде ұтымды әрі сындарлы көрінген, өзара байланысқан әрі инклюзивті халықаралық тәртіп құру.
Дегенмен, уақыт өте келе бұл тұжырымдама бұрмаланды. Ол шамадан тыс идеологиялық алғышарттарға негізделген модельге айналды: жауапкершіліксіз инклюзивтілік, шектеусіз еркіндік және егемендікке ұмтылатын қоғамдардың, прагматик саясаткерлердің әрі ақылға сүйенетіндердің көзқарасын жоққа шығаратын моральдық үстемдік (немесе ерекшелік).
Нәтижесінде жаһандану әлем бойынша жүздеген миллион адамның көз алдында біртіндеп легитимділігін жоғалтты. Бұл сенімнің жоғалуы кездейсоқ болған жоқ. Оны мемлекеттік институттарда, халықаралық құрылымдарда және жетекші елдердің саяси жүйелерінде тамыр жайған қайран қаларлық жемқорлық фактілерінің әшкереленуі күшейтті. Белгілі саяси қайраткерлердің мұндай схемаларға қатысуы идеологиялық солшыл бағдарламалармен байланысты үкіметтерге деген онсыз да сыншыл көзқарасты тереңдете түсті.
Қазіргі халықаралық орта прагматизм мен реализмге артып келе жатқан сұранысты көрсетеді. Бұл бетбұрыс Мюнхенде айқын байқалды. Онда батыс көшбасшылары айтқан ең салмақты ойлардың кейбірі қарапайым шындықты атап өтті: ұлттық мүдделерді елемеуге болмайды, егемендікті қолайсыздық ретінде қарастыруға болмайды, ал тұрақтылықты идеологиялық догма негізінде құру мүмкін емес.
Әлем ынтымақтастықтан бас тартпайды. Ол иллюзиядан бас тартады. Жаңадан қалыптасып келе жатқан доктрина қарапайым: тәртіп заң үстемдігіне, жауапкершілікке, болжамды міндеттемелерге және мәдени әрі ұлттық бірегейлікті құрметтеуге негізделуі тиіс. Бұл – оқшаулану емес. Бұл – саяси кемелділік.
Ескі модельдің сәтсіздігі қақтығыстарды реттеу саласында ерекше айқын көрінеді. Тым ұзақ уақыт бойы халықаралық қауымдастық символдық мәлімдемелерден ары аса алмаған келіссөздердің, декларациялардың және конференциялардың шексіз айналымына арқа сүйеді. Нәтижесі өте жақсы белгілі: орындалмайтын келісімдер, нәтижесіз дипломатия және бейбітшіліксіз бейбіт үдерістер.
Әлем мұнан ары мұндай тәсілге жол бере алмайды.
Дәл сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымының толық мақұлдауымен Президент Дональд Трамптың бастамасымен Бейбітшілік кеңесін құру алға бастайтын елеулі қадам көрінеді. Бұл – таусылмайтын пікірталастарға арналған кезекті алаң емес. Бұл – нақты нәтижелерге, әсіресе Газа мен Таяу Шығыста қол жеткізуге бағытталған практикалық бастама.
Бұл бастаманы түбегейлі өзгеше ететін нәрсе – оның логикасы. Ақ үй шындығында да инновациялық тәсіл, сарқылған саяси формулаларды қайталаудың орнына, айқын әрі тікелей қағидатты ұсынды - тұрақты экономикалық даму арқылы бейбітшілік. Басқаша сөзбен айтқанда, бейбітшілік ұран ретінде емес, жоба ретінде қарастырылады: инфрақұрылым, инвестициялар, жұмыс орындары және қақтығыстың қайта жандануын иррационалды ететін болашақ. Жаңашылдығы мен ауқымдылығы арқасында бұл бастама құрмет пен халықаралық назарға лайық.
Қазақстанда Президент Трамптың стратегиясымен байланысты саяси қағидаттарға оң көзқарас қоғамдық және сарапшылық пікірталастардың түрлі деңгейінде кеңінен көрінеді: ақылға қонымдылық, дәстүрлі құндылықтарды қорғау, ұлттық мүдделерді жақтау және соғыстарды созбай, оларды аяқтауға ұмтылу.
Бұл қағидаттар қоғамдардың көпшілігі түйсікті түрде талап ететін дүниелерін бейнелейтіндіктен қолдау тауып отыр: қауіпсіздік, тұрақтылық және адамгершілік. Қазақстанның осы бағыттағы қолдауы – риторика емес, практика. Дәл сондықтан біз Бейбітшілік кеңесіне қосылу және оны нақты іс-әрекеттермен қолдау шешімін қабылдадық.
Бұл - Қазақстанның Ибраһим келісіміне қосылу шешімінің қисынды жалғасы. Бұл - жай ғана дипломатиялық ишара емес. Бұл – стратегиялық таңдау. Қазақстан әрдайым теңгерімді әрі сындарлы ұстанымды сақтап келеді. Біз Израильмен берік қарым-қатынас орнатқанбыз, сонымен бірге палестин халқын да дәйекті түрде қолдаймыз әрі екі мемлекет қағидатына негізделген шешімді бейбітшіліктің жалғыз орнықты негізі деп санаймыз. Сондай-ақ біздің шешіміміз экономикалық ынтымақтастықты нығайту, инвестициялар тарту және озық технологияларды енгізу мақсатында ұлттық мүдделерге де негізделген. Кең мағынада бұл мұсылман және еврей әлемдері арасындағы диалогтің кеңеюіне ықпал етеді деп үміттенеміз.
kaz.inform.kz
#Президент РК, #Казахстан, #США