Тоқаев Рим Папасы Францискпен кездесті

Тоқаев Рим Папасы Францискпен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ватиканда Рим Папасы Францискпен кездесті. Президент Рим Папасының шақыруымен Қасиетті Таққа алғашқы ресми сапарын жасады, деп хабарлайды Ақорда Telegram-дағы арнасында. Қазақстан Президенті сөзінің басында әлемдегі адамзаттың игілігі жолындағы қажымас қайраты мен қажырлы күш-жігері үшін Католик шіркеуінің Жоғарғы Понтификіне ризашылығын білдірді. "Сіздің дүниежүзі халқына бейбітшілік тілеген дұғаларыңыз мыңдаған католиктің ғана емес, басқа діндерді ұстанатын көптеген отандастарымыздың жүрегінен орын алып, саналарына сенім мен үміт ұялатты. Бүгінде өркениеттер тоғысында орналасқан көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі католик қауымының өз үйіне айналды", – деді президент. Мемлекет басшысының айтуынша, барлық діндердің өкілдері Әділетті Қазақстанды құруға елеулі үлес қосуда. "Біз "бірлігіміз әралуандықта" қағидатына негізделген бейбітшілік пен ұлттық диалогтың өзімізге тән моделін қалыптастыра алдық. Елімізде түрлі діннің өкілдері өздерінің ғибадатханаларында құлшылық ете алады. Діни сенім бостандығы құқығын қорғау – менің саяси бағдарымның ажырамас бөлігі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан президенті Рим Папасы Францисктің "Қалаға және әлемге" атты дәстүрлі Жолдауын еске сала отырып, оның "Бейбітшілік – ең алдымен Құдайдың сыйы. Бірақ бұл – бәрімізге жүктелген үлкен жауапкершілік" деген сөздерін толық қолдайтынын жеткізді. 


#Президент РК