Облыс әкімі Курчатов қаласына жұмыс сапарымен барды

Облыс әкімі Курчатов қаласына жұмыс сапарымен барды

Абай облысының әкімі Берік Уәли Курчатов қаласына жұмыс сапарымен барып, бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысанда болды. Шаһардағы құрылыс және қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. 

Аймақ басшысы жеке инвестиция есебінен қайта жаңғыртудан өткен балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы үйін аралап көрді. Мұнда робототехника, тігіншілік, би, қыш өнері, ойын техникасы сынды үйірмелерден бөлек акт залы бар. Нысан іске қосылғанда 20-ға жуық адам жұмыспен қамтылмақ.

Қазіргі таңда қаладағы қараусыз ғимараттарды қалпына келтіру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бос тұрған көп қабатты үйлер біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр.

Курчатов қаласындағы 28 ғимарат қайта жаңғыртуға жарамды. Бүгінде екі тұрғын үй қалпына келтірілуде. Алдағы уақытта тағы екі тұрғын үйді жаңарту жоспарланып отыр. Тиісті жұмыстар аяқталған соң баспаналар көп балалы отбасылар, жетім балалар мен мемлекеттік қызметкерлерге берілмек.Қазір шаһарда 249 адам баспана кезегінде тұр. Қайта қалпына келтіріліп жатқан тұрғын үйдің құрылысымен танысқан облыс әкімі жұмысты жалғастыруды тапсырды.

«Курчатов – болашағы зор, ғылыми әлеуеті мол қала. Сондықтан шаһардағы қараусыз қалған ғимараттарды қалпына келтіріп, елдің игілігіне беру керек. Қазіргі таңда облыстық бюджетті қайта қарап жатырмыз. Курчатовқа барынша қолдау көрсетеміз» деді аймақ басшысы.


#Абайская область, #Аким области Абай, #город Курчатов, #Берик Уали